Жазушылар парақшасы

Қызылқұмдық жазушы, ақын, журналист

Даулетбаев Абдисали

Дәулетбаев Әбдісәли Өтеубайұлы, 1956 жылы 17 шілдеде Өзбекстанның Бұхара облысындағы Тамды ауданының орталығында туылған. 1973 жылы Тамдыбұлақтағы № 1-ші орта мектепті бітіріп, сол жылы Бұхара ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Оны бітірген соң, 1975-77 жылдары, әскер сапындағы міндетін өтеді. Ол Қазақтың әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Университетінде оқыған және «Тамды шаруагері», Республикалық «Достық туы», «Теміртау», «Зеркало», «Ырғыз», «Қарғалы», «Темір» газеттерінде еңбек еткен, сондай-ақ мақалалары, сықақтары, өлеңдері, әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Атамекен», «Орталық Қазақстан», «Ақтөбе», халықаралық «Азия» т. б. басылымдарда жарық көрген, сонымен бірге бірқатар шығармалары белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиевтің «Күн астындағы құдірет» атты Ө. Қожамұратов туралы естеліктер жинағы мен шежіре зерттеуші, журналист Жүсіп Әлқожаевтің 80 жылдық мерейтойына арналып шыққан «Мәуелі бәйтерек» кітабына енген.
Әбдісәли Дәулетбаев 2015 жылы «Дөйіт ұранды Дәуітбай батыр» және 2016 жылы «Тегін тапқан текті ұл» атты деректі хикаяларын кітап етіп жариялады. Ал 2017 жылы Теміртау қаласында Өмірзақ Қожамұратовтың әдеби кешін ұйымдастыруға атсалысып, 2018 жылы белгілі сатирик Серік Шұқынның әдеби кешін өткізуге бастама көтеріп, оның шығармаларынан құралған «Семсердей сілтенген серпінді сөздер» атты сықақтар жинағын бастырып шығарды. Ә.Дәулетбаевтың, 2002 жылы бірқатар әңгімелері, өлеңдері, сықақтары, деректі хикаясы, фантастикалық повесті және балаларға арналған дүниелері енген «Шөмекей шабыт немесе Төле туралы хикаялар» атты жинағы жарыққа шықты.
    Бүгінде Ә. Дәулетбаевтің өлеңдеріне жазылған «Тамдыданмын», «Ұмытылмас шақ» (екеуінің де сазы Марат Үрметовтікі), «Шөмекеймін», «Қарызға батқан қазақтың зары» (сазы Сәдуақас Байқадамовтікі) әндері белгілі әншілер Сайын Базаров пен Сәдуақас Байқадамовтың орындауында ел арасында тыңдалып жүр. Оның, сықақ жанрында өзі шығарған әндері де бар. Қысқасы Ә. Дәулетбаев— журналистика, проза, поэзия, сатира, фантастика, балалар әдебиеті т. б. барлық жанрда жазатын және жемісті еңбек етіп келе жатқан Тау елінің қаламы ұшқыр қаламгерлерінің бірі. Оның шығармашылығындағы басты ерекшеліктің бірі – қоғамның дертімен, қайғы-қуанышымен дер кезінде бетпе-бет келе алатындығы және оны таптаурын болған жолмен емес, соны сарын, тосын ырғақпен оқырманға дәл мезгілінде жеткізе біліп, өтпелі де дүбірлі кезеңдерде көпшілікке үнемі ой тастауға ұмтылуы болып тьабылады. Әбдісәлидің бұл бағыттағы шеберлігі өзі еңбек етіп жүрген барлық жанрда анық көрініп тұр. Бұл тұста оның аз айтып, мол мағына ұқтыруға ұсталығына тоқтала кетпесек болмас. Мәселен, оның «Әке аманаты» атты әңгімесіндегі қалада өскен келіні мен немересінің қазақша сөйлей алмайтынына намыстанған Тұрсын қарттың, өз ұлы Саматқа арнаған сөзін алайық. «Балам, «Бас білетін өгізге: «Өк!.. деген өлім!» дейді халқымыз, — деді бір кезде Тұрсын қарт жұмсақ үнмен. – Жас емессің, Орда бұзар отыздасың. Мен саған бұдан артық ештеңе айтпаймын. Өзіңнің ақылыңа сал». Осы бір азғантай жолдарда тек Саматқа ғана емес, күллі оқырманға жолданған қаншама салмақ пен аманат жатыр десеңізші!.. Мұндай қысқа да нұсқа жазу – оның басқа да шығармаларында молынан ұшырасады.
Ә. Дәулетбаевтың шығармашылығындағы тағы бір көзге түсіп тұратын жайт – туған жеріне деген шексіз махаббаты. Оған оның, өзінің жасырын атын «әл-Тамды», жинағын «Шөмекей», кітаптағы бөлімдерін «Тамды ауыл», «Дөйіт!» т. б. деп атауын айтпағанның өзінде, Тау елін ерекше мақтаныш сезіммен жырлайтыны айғақ. Мысалы ол «Тамдыданмын!» деген өлеңінде:
«Қай жерденсің?» дейсің бе, ей ағайын?
Тамдыданмын ағайын, Тамдыданмын!
Тау елінің киесі, дәл кіндігі —
Тамдыбұлақ атанған ауылдамын!» десе, «Ақтауым» атты жырында:
«Ғасырлар қойнауынан елестейсің,
Сондада көп жасаған еместейсің.
Талай ақын қиналған теңеу таппай,
Гималай Ақтауыма тең келмейсің!» деп, өзінің туған жерге деген сүйіспеншілігін шын жүрегімен паш етеді.
Ә. Дәулетбаев – өз ұлтын шексіз сүйетін патриот журналист. Оның бұл қасиеті әлеуметтік желіден «Qazaqsha, qazaqshа jane qazaqsha» атты және мақсаты мен бағыты осыған ұқсас топтар ашып, қазақ ұлтының, салт-дәстүрінің, әсіресе қазақ тілінің мәселесін көтеріп, көлемді мақалалар жазып, келелі де өткір пікір айтуынан анық көрінеді.
Сондай-ақ Әбдісәли, кезінде кенжелеу қалған сатира жанрын дамытуға үлесін қосып жүрген, бүгінде көзі тірі саусақпен санарлық ғана сатириктердің бірі десек, артық айтқанымыз емес. Ал, оның «Ғарыштағы қазақтар» атты повесть жазып, қазақ үшін тың жанр — фантастикаға қалам тартуы да өте құптарлық іс.
Жасыратын не бар, Әбдісәли – шығармашылығын жерлеуге жол бермей жүрген күрескер қаламгер. Сондықтан оның кейбір өлеңдерінде тағдырға шағынушылық сарын болуы да заңдылық деп ойлаймын. Дегенмен ол, біратала таусылып, құрдымға кеткендей күйге ешқашан түскен емес. Бұған оның әлгіндей сарынмен басталған өлеңдерінің соңында, тағдырды мысқылдап, ал өзі өрге шығып кететіні дәлел. Мәселен, белгілі сатирик, ақын Серік Шұқынға жазған арнау өлеңінде:
«Жүректе сан мыңдаған жара жатыр,
Аяқталмай өлеңім шала жатыр.
Өндіртіп жазам деймін, дегенменен,
Тұрмыс билеп мені де бара жатыр…
…Санасызға өкпелеп неғыламын?
Керісінше ісіне қысыламын.
Табаласын, таптасын… анық білем,
Бәрібір бір биіктен табыламын!» деп ағынан жарылса, «Өмірден түңілмеймін» деген жырында:
«Ақ сөйлеп, ақиқатты Ту ғып ұстап,
Кездескен кедергіні саспай аттап,
Жігіттердей мың өлшеп, бір кесетін,
Жүре берем, шын әділ жолды қоштап» деп қорытады. Дәл осы жолдар, бұдан 50 жыл бұрынғы жас Әбдісәлидің де, қазіргі жетпіске жетіп қалған қарт Әбдісәлидің де өмірдегі берік ұстанымын айқайлап айтып тұр деп есептеймін.
Жалпы, бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ақтөбе облысы Темір аудандық «Темір» газетінің жауапты хатшысы, жазушы, ақын, журналист Әбдісәли Дәулетбаев, нағыз кемеліне келіп тұрған қаламгер. Мен Әбдісәли, алдағы уақытта да оқырманға берері көп жазушы, ақын, журналист деп толық айта аламын және Алла тағала оған мықты денсаулық пен өмір берсін деп тілеймін!

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор