Жыршы-термешілер

ҚАЛДАШ ЖЫРАУ

Калдыбек Садиров     Ел арасында «Қалдаш жырау» деген атпен даңқы шыққан зағип жыршы Қалдыбек ағаны «Алпамыс батыр» дастанының 1000 жылдығына орай Өзбекстанның Термез қаласында 1999 жылы өткізілген халықаралық фестивальға апардым.
     Өмірге көзі зағип боп келген Қалдаш (Қалдыбек Садыров) жастайынан өнерге құмар боп өседі. Жас Қалдашқа Алла ерекше есте сақтау қасиетін берген. Бір рет тыңдаған дастанды түгелдей жаттап алып, елге сол күйінде жырлап беретін жеткіншек Қалдаш 9-10 жасында-ақ «бала жырау» атанған. Өсе келе Қалдаш 9 дастан мен жүздеген әндер мен термелерді орындаушы әйгілі жыршыға айналады. Сондай-ақ ол кісі отыз шақты күйді шебер тартатын. Қалдаш ағаның репертуарында бүкіл Сыр сүлейлері мен тауелібайлық ақындардың, сондай-ақ өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен халықтарының ән-жырлары мен күйлері бар. Алланың бұл кісіге берген сыйы — ол кісінің жыраулықтан басқа домбыра тарту тәсілі ешкімге ұқсамайды, оның тартысына бүткіл Қазақ елінің өнерпаздарының өзі таң қалған. Домбыраны шалқасынан жатқызып, сол қолымен шерткенде, оң қолының саусақтары перне үстінде ойнағанын көрсең, мен деген өнерпаздың өзі таң қалары сөзсіз. Бұл кісінің өнерін адам баласы қағаз бетінде жазып баяндау мүмкін емес. Тек көзбен көріп, жанында отырып жырын тыңдағандар ғана түсінеді. Әрбір адам өзінше жазылмаған бір дастан. Өкініштісі – Қалдаш жыраудың көз жанары жарық дүниені көрмей кетті.
Қалдаш ағамен талай сапарлас болған Қали Жолдасов өз естелігінде былай деп жазады: «…Қалдаш ағамен көрші отырдық. Ол кезде өз балалары жас. Жырауды анда-мында шыққанда ағасы Сейдолланың балалары жетектеп жүретін. Ал ауыл арасындағы той-мерекеге арагідік мен де ертіп апаратынмын. Ән-жырға құмар болғандықтан ба, ағаны ертіп жүру – мен үшін үлкен мәртебе еді. Сондай-ақ, алыс-жақын ауылдарға да бірнеше рет бірге бардым. Зағип жанның қыр-сырын біліп, жағдайын жасауды меңгеріп алғанмын. «Қалижан, қайдасың…» деп бастағаннан-ақ не керегін сезіп, шай, су, т.б. қажетін айтқызбай әзірлей беретінмін. Таң бозарып атқанша шаршамай жырлайтын. Марқұм шешем Несібеліден «Бибеке, ана Қалидың қолы бос па екен?» деп сұрап жатқанын есіте сала жолға жинала бастайтынмын. Студент кезімдегі бір каникулда ағаны Түркменстанның Шаржауы мен Бұхараның Алат, Қаракөл аудандарында тұратын Адай ағайындарға апарып келгенім бар. Қал-ағаның жаттау қасиеті ерекше еді. Бірде Н.Байғаниннің нан туралы ұзақ жырын екі-ақ рет оқып бергенімде-ақ жаттап алғанына куә болғанмын… Кейін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасағанымда да айтулы мерекелерді Қалдаш жыраусыз бастаған емеспін…», «…мәдениет саласының қызметкерлерінің қатысуымен облыстық әкімиятта өткен бір жиында ЮНЕСКО-ның ауқымында Термез қаласында «Алпамыс» дастанының 1000 жылдығына орай халықаралық жиын және жыршылар байқауы өтетіні туралы айтылды. Сол байқауға Науайы облысы атынан белгілі өзбек бахшысы (жыршы) Жуманбулбулдың немересі Ахад жыршы қатысатын болып шешілді. Мен сөз алып, ауданымызда Қалдаш есімді танымал қазақ жыршысы барын, ол кісіне де аталмыш байқауға жіберуін өтіндім. Облыстан жалғыз ғана жолдама берілетінін айтып, өтінішім аяқсыз қалды. Арадан біраз уақыт өтіп, байқау басталатын күн таяп қалған. Аяқ астынан облыс әкімінің орынбасары А.Хайдаров телефон соғып: «Байқауға баратын жыршы науқастанып қалды. Тез дайындалыңыз. Өзіңіз айтқан жырауды алып, екі күнде Термез қаласына жетіңіз!» деп тапсырма берді. Байқау шарты бойынша әрбір қатысушы «Алпамыс» дастанынан үзінді жырлауы және өз шығармашылығынан бір терме орындауы тиіс екен. Қалдаш ағамен бірге жедел жолға шықтық. Пойызға орналасқан соң Қалекеңе байқаудың ережесін айтқам. «Ой, Қалижан-ай, «Алпамысты» жырламағалы, жырды ұмытқалы қай заман…» демесі бар ма! Зәрем зәр түбіне кетті. Облыста өткен жиында: «Қалдаш жырау «Алпамыс» дастанын 4 сағат жырлайды» деп дәріптеген едім. Себебі — осы жырды бала күнімізде тұңғыш рет Қалдаш жыраудан есіткенбіз. Бір жақсысы — өзіммен бірге Қазақ эпостық жырларының жинағын ала шыққан болатынмын. Содан жырды Қалекеңе мәнерлеп тұрып оқи бастадым. Көп ұзатқан жоқ, кенет Қалдаш аға: «Болды, болды, есіме түсті» деп, мені мәз етті. Әрі қарай жырды өзі жырлап берді. Орындамағанына біраз жыл өткен жырды толық есіне түсірген жыршының қабілетіне сонда тағы бір таң қалғаным бар».
Әрі қарай Қ.Жолдасов өз естелігінде 14 елден 100-ден астам жыршылар қатысқан байқауда Қалдаш жырау ІІІ дәрежелі дипломға және демеушілер тағайындаған мәртебелі сыйлыққа ие болғаны жайлы баяндайды. Сурхандария облыстық теледидарында бір сағаттық бағдарламаға қатысқандарын, Байсын ауданын аралап, қалың Қоңыраттардың құрметіне бөленгендіктерін, сол сапарда Қалдаштың орындауындағы жырлардан үзінділер мен әндер тұңғыш рет Өзбек радиосының Алтын қорына жазылғанын айтады. Сол естеліктің ішінде Қалидың мынадай дегені бар: «Қалдаш аға сахнадағы өнерін, екеуміз алдын ала келіскендей, Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен бастады. Перне үстінде олай-былай сусыған саусақтарына таң-тамаша қалған халайық ұзақ қол соқты. Менің де мақсатым – Қалдаш ағаның ерекше өнерімен елді бір таңырқатып алу еді. Ізінше «Алпамыс» жырын жырлады. Сонда байқаудың бас қазысы, профессор Тура Мирзаев арт жағында отырған маған бұрылып: «Не деген керемет десеңізші! Мына ағаңыз домбыраны пианино қылып жіберді ғой!» деп, таңданысын білдірген болатын… Айтпақшы, осы жиынға құрметті қонақ және әділқазы ретінде Қазақ елінен жалғыз өкіл – әйгілі жыршы Алмас Алматов қатысты.
Иә, Қалдаш жыршы — көзі зағип болса да, көңіл көзі ашық, көкірегі ояу, есте сақтау қабілеті ғажайып, керемет орындаушы, аса сыпайы және өте дарынды жан еді. Оның өнеріне Өзбекстанның Бұхара, Науайы, Самарқан, Жизақ, Ташкент, Хорезм, Түркменстанның Шаржау, Ташауыз, Қазақстанның Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары, Қарақалпақстан мен Алматы қаласының халқы талай тамсанып қол соққаны – біз тауелібайлықтар үшін айрықша мақтаныш». (. Қ.Өтебайұлы, «Өмірім өнеріммен өрнектелген» Алматы. «Үш қиян» баспасы, 2015 ж., 87-90-беттер).
Термез қаласына жетіп орналасқан күні фестиваль туралы кинотүсірушілер ЮНЕСКО өкілдерін күтіп алу үшін ұлттық киім киген түрлі ұлт өкілдерін аэропортқа апаратын болды. Қалдаш ағаның орнына мен баратын болдым. Қолымда — жыраудың домбырасы, үстімде — оюлы қазақ шапаны. Бізге: «Самолет келіп қонған соң, ішіне кіріп, қонақтармен бірге түсесіңдер!» деген. Ішке кірсем — Алмас ағам тұр. Қос қолымды созып, сәлем бердім. Бір сәт менен көзін алмай тұрды да: «Қазақсың ба?» деді. Мен бас изедім. Жымиып қойды. «Сен де жырлайсың ба?». Мен бас шайқадым. Ол таңырқап қойды. «Онда қазақ болсаң, самолеттен бірінші болып түсеміз. Қазақтар әрқашан алда жүруі керек!» деді. Режиссердың айтқанын да тыңдаған жоқ. Сөйтіп, Алмас аға екеуміз елдің алдымен шықтық.
Қонақ үйдің алдына келген соң, әңгімеміз қайта жалғасты. Мен Алмас ағаға бірнеше рет өз ауылы Жаңақалада және біздің елге, Тамды, Кенимех, Үшқұдық аудандарына жыр сапармен келгенде көргенімді, Алмас ағаның біздің елде тұратын немере туыстарының үйінде кездескенімді айттым. Әке-шешемнің қармақшылық екенін, Жаңақаладағы Бәйіш қожаның інісі екенімді қостым. Мұнда неғып келгенімді сұрады. Мен Қалдаш жырауға қосшы болып келгенімді айта бастап едім, Әлекең кенет: «Қайда, Қалдаш аға?» деп, дауысы саңқ етті. Бөлменің нөмірін есітті де, қолындағы домбырасы мен сөмкесін тастай сала қонақ үйге еніп кетті. Мен аңтарылып, бір сәт тұрып қалдым да, жыраудың домбырасы мен сөмкесін көтеріп, ізінен жүгірдім. Бөлмеге кірсем, керуетте отырған Қалдаш ағаның алдына Әлекең тізерлеп отыр екен. Зағип жыршының екі қолын ұстап алған. «Кімсің?» деді Қал-ағам. «Алмаспын!» деді Әлекең. Екеуі сол сәт бір-бірімен айқара құшақтаса кетті. Байқап қалдым, екеуі де жылап тұр. Дара дарынды қос жырау бір-бірін іштей түсінісіп, жан-жүректері жарасып тұрды.
Біраз үнсіздіктен соң: «Есіңізде ме, бала кезімде батаңызды беріп едіңіз?» деді Әлекең. «Есімде, айналайын, есімде!» деді Қалекең. Екі дарынның бұл кездесуі мені қатты толғандырып, мәңгі жадымда қалды… Сол сәттен бастап екі жыраудың жұбы жазылған жоқ. Талай әңгіменің тиегін ағытты. Талай жырды жырлады, талай термені төгілтті. Осы жиыннан екі жырау да үлкен абыроймен елдеріне қайтты…
Тағы бір есте қаларлық оқиға — Алмас Алматовтың фестиваль аясында өткен ғылыми конференцияға қатысып, сөзге шығуы болды. Конференцияға ЮНЕСКО-ның және 14 елдің өкілдері қатысты. Алқалы жиын таудың етегіндегі салқын саялы бақтың ішіндегі алаңқайда, «Дөңгелек стол» жүйесінде ұйымдастырылыпты. Алыстан Байсын тауларының биік шыңдары қарауытады. Әлекең қолындағы бейнекамерасын маған ұстатып кеткен. Мен бар өнерімді салып, оператор болып, дөңгелене орналасқан столдардың ортасында жүрмін. Сөз кезегі Әлекеңе келген. Әлекең дауды шешуге келген билердей кеудесін керіп, Байсын тауларына иегін артқандай өзіне тән паңдықпен сөз бастады:
-«Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» демекші, Кеңес одағының құрамындағы түркі тілдес елдер ұмытуға айналған ұлттық салт-дәстүрін қайта жаңғыртып жатыр. Соның бірі – ата-бабадан мұра боп қалған жыраулық дәстүр. Жыраулық дәстүр – түркі тектес халықтар әдебиеттерінің бастау бұлағы. Бір өкініштісі – осыдан бірнеше жыл бұрын бас қосқанымызда жыраулық дәстүрді жоғары білім дәрежесіне көтеру жөнінде келіскен едік. Алайда Қазақстаннан өзге елдер әлі күнге дейін бұл мәселеге атүсті қарап келеді. Құдайға шүкір, Қызылорда мемлекеттік университетінің қабырғасында «Дәстүрлі музыкалық өнер» атты мамандық енгізілді. Жыраулық дәстүр мен жыраулық өнерді қайта жаңғыртып, ғылыми тұрғыда дамыту мақсатында кафедра да ашылды… … өзбек ағайындардың «Алпамыс батыр» дастанын басыбайлы иелеп алуға хақысы жоқ. «Алпамыс батыр» дастаны — бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ мұра. Керек болса, “Алпамыс батыр” дастанын өткен ғасырдың басында түрколог ғалым В.Радлов: “Алпамыс батыр” – қазақ халқының дастаны” деп бүкіл әлемге жариялап жіберген… Бұл дастанды қазақтың бар баласы біледі…»
Эпикалық жыр өнерінің даңғайыр насихатшысы, белгілі жыраудың сөзінен үзік-үзік есте қалғаны осылар. Алмас аға бұл жиында ұзақ сөйледі. Ағаның сөзіне айызым қанып, қатты риза болдым.

Қали Жолдасов
Қали Жолдасов
Автор

«ДӨЙТ» ҰРАНДЫ.. сериясы

Қалдаш жырау

Қалдаш жырау (Қалдыбек) Ахметұлы СӘДІРОВ (1938-2018)
Жыршы, күйші, дәулескер домбырашы

* Бірегей өнер иесі, тума талант Қалдаш жырау туғаннан зағип болған
* Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Өзбекстанға қоныс аударған
* Жеті жасынан жыр айтқан
Көне эпикалық дәстүрмен Өзбекстанда жыршылық, жыраулық, күйшілікті қатар алып жүрген
* Туғаннан зағип жырау-күйші домбырада ойнаудың өзіндік саусақбасар ( аппликатура) шеберлігін қалыптастырған.
* Қоржынында алпыстай күй, ондаған дастан , қыруар жыр-өлең болған.
* Қалдаш жырау өлең-жырды да, күй-әуенді де бір тыңдағаннан есте сақтау қабілеті бар уникум болған.
* Өмірінің соңғы жылдарында демеушілердің көмегімен Қазақстанға, Алматыға келіп, кездесулер ұйымдастырылды
* Бірегей жырау-күйші 2018 жылы Өзбекстан Науаи облысында дүниеден озды

p.s Ғұмырының соңына қарай уникум өнер иесімен сұхбаттасып, өмірінен біраз мағлұмат алып, халыққа таныстырған фольклорист-ғалым, жыршы Берік Жүсіпов болды

ӨНЕРЛІ ЖАН — РАБИҒА

Рабиға Сейдуллаева

       Рабиға Қосжанқызы Сейдуллаева 1972 жылы Өзбекстанның Бұхара қаласында дүниеге келген. Тамды ауданында Ф. Энгельс орта мектебін үздік бітіріп, Бұхара бухгалтерлер колледжін, кейін еңбекпен араласып жүріп Қырғыз Мамлекеттик Улуттук Университетін сырттай тәмәмдады.

КІМ КІМГЕ ДЕ БҰЛ ӨНЕР ҚИЫН ТИГЕН,
БІРЕУГЕ АТАҚ, БІРЕУГЕ ТИЫН ТИГЕН.
ШЫН ШЕБЕРЛЕР ТЕМІРДЕН ШІЛТЕР ТОҚЫП,
ШЫН ШЕБЕРЛЕР АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН.

СЕЗІМ СҮТІ УЫЗДАЙ ІШІНДЕ ҰЙЫП,
ӨЛЕДІ АДАМ ШЫН ӨНЕР ҮШІН КҮЙІП.

       деп Қадыр Мырза Әли ақынымыз жырлағандай…., Рабиға Қосжанқызы өнерден алыс басқа салада жүрсе де, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан.
Рабиға Сейдуллаева мектеп қабырғасында жүргенде де, байланыс бөлімі және Үшқұдық Санитария Эпидемиология станциясы орталығында бас есепші қызметін атқарып жүргенде де,халық қалаулысы болып Үшқұдық аудандық маслихатының депутаты болып жүрген уақытында да өнерден, әннен қол үзбей, өз өнерін шыңдап жүрді.
Рабиға Қосжанқызы жастайынан Тамды аудандық Мәдениет үйінен ашылған «Ақтау» ансамбльінде, Тамды халық театрында да өнер көрсетіп жүрді. Қызылқұмға танымал болған ағай-апайлары Календар Бейсенбаев, Бағила Мұратова, Сайын Базаров, Жалғас Жүсіпов сынды өнерпаздарды ұстаз тұтып өнерін шыңдады.
Рабиға Қосжанқызы домбырада және гитарада өзі ойнап ән салып жүрген,өз тыңдаушысы бар өнерлі жан. Ол 1998 жылы өткен «Алпамыс дастанының мың жылдығы» сайысында бас жүлдеге ие болды. 2004 жылы «Тасыған сезім» атты компакт-дискісі жарыққа шықты.
       Рабиға Қосжанқызы 1991 жылдан бері отбасылы. Қызылқұмға жыраулығымен, күйшілігімен танымал болған Оразалы ұлы Класбек жыраудың келіні. Өмірлік жары Класбек ұлы Шәрібек Үшқұдық қаласында Солтүстік Тау-кен басқармасында 35 жылдық жүктеуші- машинист. Арман атты бір перзенттері бар. Рабиға Қосжанқызы қазіргі күнде кәсіпкер, «Арман-Класбек» МЧЖ басшысы. Өзге салада жүрсе де, өнерден қол үзбеген өнер жақтаушысы. Өзбекстан Республикасы Навоий облысы Үшқұдық ауданында жасайды.
       «Өнерді үйрен де жирен»,- демекші…, бос уақытында ән айтумен бірге, перзенті Арманмен мультфильм түсіру, өз есепшотынан балаларға қайырымдылық жасау, қайын атасы Класбек жыраудан естіген Қызылқұм қазақтарының ескі тәрбиелік мәні бар әңгімелерін қағазға түсіру және оны жастарға әлеуметтік желідегі фейсбук парақшасында жариялап отыру жұмыстарымен айналысады.
       Рабиға Қосжанқызына келешекте бұдан да биік белестерден көрініп, өмір жолында да, өнер жолында да мақсатына жетуге тілектеспіз!

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор
0:00 / 0:00
Тау ішінде

ТЕРМЕШІ — СӘБИТ

Сабит Дабылов1976  жылы  Өзбекстан Республикасы, Бухара облысы,  Тамды ауданы  Жұзқұдық ауылында туған. Жастайынан   өсиет,  жыр, толғауларды   жаттап  өскен.  Ұстаздары  Қызылқұм өңіріне белгілі  жыршы Кенжебеков  Орынбек, күйші жыршы Класбек  Оразалиев, жазушы жыршы Шәрібек  Алдашев, белгілі  фольклортанушы, ғалым әрі  жыршы Берік  Жүсіповтерден  дәріс  алған. Базар  жырау, Бердалы  Оразалиев, Ләтіп Мірәшымұлы, Өмірзақ  Қожамұратовтардың  шығармаларын  орындаушы. 2010 жылы Елбасымыздың қолдауымен   Мәдени  мұра  аясында  шыққан «Қазақтың 1000 әні» жинағына Сәбит Дабыловтың  орындауында    Андағұл Балқы  Дайрабайдың «Бетегелі бес  төбе» әні  енді. 

     2014 жылы халықаралық «Дала дауысы» радиофестиваліне қатысып жеңімпаз болды. Астана қаласында аталмыш байқаудың  Гала концертіне қатысып, «Үздік дәстүрлі орындаушы» дипломы және «Дала дауысы»  фестивалінің арнайы  статуеткасымен  марапатталып, «Дала дауысы» радиофестивалінің  лауреат атағын  алды  . Жыршылық , орындаушылық  өнерімен  тыңдарман  қауымның  ықыласына  бөленіп, дәстүрлі жыршылық өнерін  өркендету  мақсатында  ел  ішіндегі  көнеден  қалған   өсиет  нақыл  жыр  термелерді , мақам  саздарды  насихаттаушы.

Автор Ғабит Наурызбаев

0:00 / 0:00
Құмарын тарқат алқаның
Бетегелі бес төбе

ЖАҚҰТ ЖЫРДЫҢ ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН ЖАЛҒАС ЖЫРАУ

Жусипов Жалгас

     Өнер де бақ секілді екінің бірінің басына қона бермейді. Ол тұла бойында қасиеті бар, қанында тектілігі мол жандарға даритыны айдан анық. Осындай бақ қонып, жыраулық дәстүрді машық еткен өнер тарландары Тауелібай өңірінен де көптеп кездеседі. Сөз етер болсақ шырын сөздің шеберлері – Балқы Базар жырау, Көшекбай жырау, Батырбай жырау, Есеусін жырау, Қалдаш жырау, Өтеп Таңсықбаев, Совет Жаманғараев, күйші Календар Бейсенбаев, Әбдімұрат Жанахметов тәрізді жырау мен әнші-сазгерлерді, күйшілерді атауға болады. Сондай хас өнер иесі, алдыңғы толқын ағалардың бүгінгі заңды жалғасы – Жалғас Жүсіпов.

     Ж.Жүсіпов 1946 жылы Науаи облысының (бұрынғы Бұхара уәлаяты) Тамды ауданында дүниеге келген. Оның өлеңге, өнерге ықыласы бала күнінде-ақ алға талпындыра түскен. Ол бо- йындағы зор серпін, мол құштарлығымен атақты жырау-жыршылардың терме-дастандарын көкейіне түйіп өскен. Алғашқы еңбек жолын 1965-1967 жылдары Керізбұлақ аэроалаңында кассир болып бастаған. 1968 жылдан аудан орталығындағы мәдениет үйінде көшпелі клубтың кітапхана меңгерушісі қызметін атқарады. Бойындағы қабілетінің арқасында үйірме жұмыстары бойынша әдіскер, халық театрының режиссёрі, «Ақтау» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет үйінің директоры, №1автоклуб меңгерушісі лауазымдарына көтеріліп, ауқымды абыройлы қызмет атқарады. «Чашма», «Мархабо талантлар» атты рес- публика деңгейінде өткен өнер байқауларында, фестивальдарда бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие боп, ауылдың абыройын асқақтатқан.

     Жалғас ақсақал өнер жолында 40-тан астам терме-жырды импровизаторлық сипат беріп, ел ішінде жаңаша деммен насихаттап отырған. Балқы Базардың «Заман-ай», Тұрмағамбеттің «Кірпішешен» мен «Сүлеймен пайғамбар» жырын, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіптің бірнеше термесін, Бердалы Оразалиевтің «Қасқа асу» дастаны мен ел арасында кеңінен танымал «Қара шекпен», «Үш ағайынды жігіт» мысал-поэмасын жаңаша сипатта, өзіндік ырғақпен жырлаған. Сондай-ақ Тамды ауданында ұйымдастырылған халықтық театрда 1976-1990 жылдар аралығында көрермен назарына он бестен астам сахналық қойылымдарда 20-дан астам рөл ойнап, көптің ықыласына бөленген.

     Тауелібайдың жезтаңдай әншісі Бағила Мұратова, Зәуре Тәжібаева, Жұмагүл Тәжібаева, Тынымгүл Нұрлыбаевалар да Жалғас Жүсіповтың ықпалымен бірнеше атақ-абыройларға қол жеткізгені сыр емес. Жалғас жырау өнегелі өмірінде кіммен сұхбаттас болса да өзі өрнек тұтқан ұстаздары – Ө.Таңсықбаев, К.Бейсенбаев, С.Жаманғараев, Ә. Жанахметов сынды өнерге баурап, өрге сүйреген көшбасшыларын, Әлмахан Боранов,Маржан Омарова, Тұрақбай Жолдыбаев, Әкім Сәрінтаев, Досеке Құланбаев секілді өнердегі замандас-тұстастарын, Бағила Мұратова, Мұратхан Әуезбеков, Зәуре Тәжібаев т.б. кәсіптес-әріптестерін құрметпен тілге алады.

     Жалғас Жүсіпов домбыра мен баянның құлағында ойнаған аса талантты тұлға ретінде кеңінен танылған.Ол 40 жыл өнер сахнасында жүріп, Үшқұдық, Кенимех аудандарында, Бұхара, Самарқанд, Науаи қалаларында, астанамыз-Ташкент пен Қарақалпақстан, сондай-ақ Түрікменстан, Қазақстан респуб- ликасының жер-жерінде өрелі өнерін мақамына келтіріп орындап сан алуан көрерменнің көз- айымына айналған.

     Жалғас жырау саналы ғұмырында жырау-жыршылығымен аты мәшһүр болып, ылғи құрмет биігінен көрінген. Сондықтан да дүйім ел әр кезең мерейтойларын атап өтуге атсалысқан.Жалғас Жүсіпов 50 жасқа толғанда Календарь Бейсенбаев:

Ердің жасы елуге,

Жалғас сен де келіпсің.

Өмір атты шеруге,

Өлеңмен өрнек беріпсің.

Термелеп жырды төгуде,

Талмай шапқан көліксің.

Жете бер,қалқам, көруге,

Алдағы 100 жас-берік шың!

деп, құттықтау лебізін білдірген екен. Соң ағаның 60 жас, 70 жас мерейтойлары да ел есінде қаларлықтай тойланған.

     Ж.Жүсіпов тек қана жырау- жыршы емес, бүгінгі таңда Тамды халқының абыз ақсақалының бірі. Өзі көшін тартқан «Ақтау» ән-би ансамблінің өнерпаздарын, алғаш рет Тауелібайда іргесі қаланған халық театры актёрлері мен шығармашылық ұжымы мүшелеріне ақыл-кеңесін айтып, аудандағы өнер саласын өркендету жолында аянбай қызмет еткен. Ауылдағы бірнеше бүлдіршіндер балабақшасында да музыкант тәлімгер ретінде кеңесші болып, өскелең ұрпаққа музыканы тыңдау, есте сақтау, аспаптарды тану мен ұлттық саз аспаптарын үйренудегі сұлқын қалыптастыруға өз үлесін қосқан.

     Жалғас атаны отбасының арқасүйер асқар тауы десек те артық айтқандық емес. Өмір жолдасы Пернегүл Құдайбергенова екеуі төрт перзент өсіріп, оларды ешкімнен кем етпей қатарларына қосқан. Қыздары Мағрипа мен Марина бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысса, кенже қызы Гүлжан – медицина саласының маманы. Ал ұлы Мұрат жергілікті көгалдандыру басқармасында қызмет атқарады.

     Сексеннің сеңгіріне бет алған Жалғас ақсақалдың өмір жолы, өнер жолы бүгінгі және өскелең ұрпаққа зор өрнек, даңғыл жол болатынына сенімдіміз.

Гүлдана ТӨРЕХАНҚЫЗЫ
Гүлдана Төреханқызы
Автор