АРАМЫЗДА ЖҮР ӨНЕРЛІ ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚТАР

Бақытбек Медетбаев

         Енді Қызылқұмда өнерімен танымал болмасада Қазақстанда бірге жұмыс істеген,біргелікте топ ашып өзінің нағыз Қызылқұм жігіті екенін танытқан Медетбаев Бакытбек Қалдыбайұлы жөнінде айтып өтпекшімін.

         Бақытбекпен Шахтинскте  зейнетке шыққаннан кейін  көркемсурет мектебіне тарих мұғалімі етіп шақырғанда жақсы таныстым. Ол 1975 жылы Тамды ауданында туылып өсіп, 1992 жылы №1 Ленин атындағы орта мектепті, кейін Шымкент қаласындағы Қазақ-Түрік университетін бітірген екен.

           Мектепте оқып жүргенде «Мен шығармашылықпен көп айналыстым  деп айталмаймын себебі спортқа жақындау болғанмын,ол кезде Қызылқұмда өнерлі жігіттер жететін» дейді өзі.

           Соңғы  сыныптарда ғана сыныптастары Бибосынов Зарқын,Итемгенов Қайырбек деген жігіттердің  мектеп үйірмесінде ансамбльде ойнап жүргенін көріп солардың қасында жүріп кішкене гитара тартуды,дауылпазда ойнауларына қарап қызыға бастаған. Сонымен бірге       тойларда дауылпазда ойнаған «Қызылқұм»,«Ақтау», «ДЭУ» ансамблдеріндегі  ағаларының өнерлеріне тәнті болып, той біткенше қастарында тұрып,  солардың терлеп дауылпазда ойнағанын қарап,  қызығып өскен. Меніңше ондай сәттер барлық Қызылқұмдағы өскен ербалалардың басынан өткен болу керек.

     Бақытбектің айтуынша  «Кейінгі Тамдылық жігіттердің жартысынан көбі  осы «Қызылқұм»«Ақтау», «ДЭУ» тағы басқа ансабльдер мен өнерпаздардың,  түрлі аспаптарда ойнап ән шырқаған ағаларының арқасында өнерге барды десе қателеспеймін» дейді. Сондай-ақ «Солардың көпшілігі музыкалық аспаптарды  алып берсең ертең -ақ ойнап кетері сөзсіз, себебі барлығы дерлік осы аты аталған ансамблдердің әуенді үнін күндіз-түні есітіп, әндерімен сусындап,музыкалық инструменттердің қалай ойнайтындарын көріп , құлаққа сіңдіріп өскен»-дейді.   

      Кешке қарай ауылдың қызылқұмында  айдың жарығымен  жиналып Ахметов Арман ағаларының гитарада ойнағанын тамашалап құлақ құрышын қандыратын болған. Арманнан  жаңа әндер күтіп, олардың заманында  шығып жатқан «А- Студио» группасының әндерін айтып,сол стильде гитара ойнағаны  қатты қызықтырған.

      Кейін Шымкентке оқуға институтқа түскенде  қасында  Үшқұдық жақтың Боранбаев Жеңіс деген жігіті  тұрған квартирасына гитара әкеліп, содан  әндер үйреніп  ойнай бастайды. Кейін Тамдының жігіті досы  Арапов Жиренше оқуға түсіп,сол жігіттен    ауылдың айтып жүрген әндерін үйреніп  студенттер арасында  гитарамен ән айта бастаған. Шымкентте шина жөндеу заводының жұмыскерлері тұратын общежитиенің асханасында бір таныс жігіттің туылған күнінде, ауылдың жігіттері айтып жүрген «Бұрын сені ойламадым» әнін бірнеше рет қайталап айтып беріп, Тамдының жігіттері шығарған дегенінде риза болып бірнеше рет қайталап айттырған.  Содан кейін жүрген жерде Қызылқұмның ,ауылдың әндерін айтып жүретін болған.

           Айтуынша ауылдың әндері барлық жерде сол кездегі айтылып жүрген әндерден ерекшеленіп тұрған. Себебі, студенттер ортасындада отырғанда, басқа да  кездесулерде Қызылқұмның  әндерін қайталап айттырып отыратын болған.

           Бақытбек ең бірінші  сахнаға Павлодарға көшіп келгенде шыға бастаған. Онда барғанда бір жылдай мәдениет үйінде істеп, Гүлбани Николаевна деген музыкантшы жетекшісімен бірге аудандық, облыстық  іс-шараларға қатысып  мерекелік концерттерде ән айтып жүрген.Мұғалімдікке ауысқаннан кейін  оның бәрі қалды дейді,себебі ауылдық жерде малда ұстағасын,өнерге деген уақыты қалмаған.

         Бақытбек МедетбаевКейін Шахтинскіге көшіп келгенде көркемсурет мектебінің директорының орынбасары болып қызмет істеп жүргенде, директоры  Шахмурат Абдыгаликовпен (әнші,ритм гитара),  мен  (бас гитара) біргелікте «BASH» деген ансамбль ашып сонда дауылпазда ойнады. Бір-екі  жылдай біргелікте  мерекелік іс-шараларға қатысып,топ тарағанша  өнер көрсетіп жүрді.

           Айтарым Қызылқұмнан шыққан әрбір жігіт музыка мектебін бітірмеседе өнерлі,себебі әуенді тыңдау қабілеттері ауылдан дамыған  десем менде қателеспеймін.Себебі Бақытбек дауылпазды тез меңгеріп,кез-келген ритмді ұстап,әуеннің темпін ұстауды метрономсыз-ақ үйренгені мені таңғалдырды.Сондықтан біз білмейтін Қызылқұмнан шыққан өнерлі ұл-қыздарымызды тауып олар туралы мақала жазып,оларға рухани көмек көрсетіп Қызылқұмдықтарға таныстыру біздің міндетіміз деп ойлаймын. 

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ӨНЕРДІ СҮЙГЕН БАЛА ӨМІРДІ ДЕ СҮЙЕДІ

Домбырашылар

     Музыка – адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем, көңілдің кілті. Музыка — ішкі сезімді сезіндіре білетін жүрек тілі. Дыбыстар арқылы бейнеленетін адамның жан сарайы. Myзыка – кескіннің сұлулығын және эмоционалды бейнелілікті білдіру үшін вокалды немесе инструменталды дыбыстарды араластыратын өнер түрі. Сол өнер тілінің өркениетіне айналған киелі ордалардың бірі әрі бірегейі – Кенимех аудандық Балалар музыкасы мен өнер мектебі.
     Кенимех ауданындағы балалар музыкалық мектебі 1982 жылы қыркүйек айында ашылды. Мектеп ең алғаш екі бөлмелі ескі сынып бөлмелерінде ашылып, 2013 жылы жаңа екі қабатты заманауи ғимаратқа орналасты. Ордалы оқу орнының алғаш директоры болып 1981-2022 жылдар аралығында М.Аднаева жұмыс жасап, қырық жыл бойы ауданда өнерге бір табан жақын талантты тұлғаларды қалыптастырып шығара білді. Жыл сайын мектепте қосымша үйірмелер көбейіп, іргелі білім ордасына айналып, заманалық жиһаздармен жабдықталған екі қабатты ғимаратқа көшіп өтеді. Білім ордасы жарты ғасырлық қызметі барысында 1000-нан астам түлектің өнермен, музыкамен айналысуына септігін тигізді. Мектеп мемлекет тарапынан қаржыландырылып, заман талабына сай музыкалық аспаптармен, техникалық құралдармен жабдықталған. Қазіргі таңда балалар музыка мектебінде 220 оқушы білім алады. 35 мұғалім сабақ береді. Мектепте фортепиано, домбыра, скрипка, дутар, халық аспаптары, үрмелі және ұрмалы аспаптар, эстрада аспаптары, дәстүрлі аспаптар кластары, эстрадалық ән айту, жыраулық, хореография, бейнелеу және практикалық өнер, сондай-ақ театр өнері бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Мектепке білікті де білімді басшы Мақсуд Хушвақов басшылық жасайды.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде ауыз толтырып айтарлықтай түлектеріміз аталмыш мамандықтар негізінде қызмет етуде. Бірі өз саласының білікті маманы болса, енді бірі мектеп түлектерін өнер мен музыкаға баулуда. Мектеп түлектерінің басым бөлігі қазіргі таңда ел көлемінде және дүниежүзілік байқауларға қатысып, жағары орындарды иелеуде. Осы мектептің ұстаздары қол жеткізген халықаралық, республикалық жетістіктер де өз алдына бір төбе. Оларға жеке тоқталсақ, бір мақалаға сыймасы анық. Мәселен, домбыра аспабында ойнау бойынша ұстаздары Абай Абдураззақов пен Исабек Қалбаевтың шәкірттері саналған Бақытжан Назаров Ташкентте жүлделі І орынды, Дулат Ауғанов Алматы қаласында бас жүлдені, Арман Қадырқұлов Ташкентте жүлделі ІІІ орынды, дутар аспабында ойнау бойынша ұстазы Лайло Шердуллаеваның шәкірті Самира Санакулова халықаралық байқауда ІІ орын жеңімпазы атанды. Эстрада вокал саласында М.Давлатова ұстаздық еткен Сатжан Тұрғанбаев халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп, аталмыш оқу жылын сәтті бастауға тың серпіліс берді.
     Білім мен өнер – егіз. «Өнерді сүйген адам өмірді сүйеді» дейді даналар. Ал осы аталмыш музыка мектебінен білім алған қаншама өнерлі адамдар еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, алтын ұяның атын шығарып жүр десеңізші?! Өнер ордасы өркендеп, онда еңбек етіп жүрген барлық ұстаздарға еңбектеріңіз жана берсін деп тілейміз.

Гүлдана ТӨРЕХАНҚЫЗЫ
Гүлдана Төрехан қызы
Автор

ҚОБЫЗ САРЫНЫМЕН КӨРКЕМДЕЛГЕН КҮЙ-ҒҰМЫР

Әсел Қыдырмұрат

     2020 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында өткен «Урал Иле» атты ІІ Халықаралық дәстүрлі музыкалық аспаптарда орындаушылар байқауында 2 орын, 2021 жылы Қарағанды қаласында өткен Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы VІІІ Республикалық халық аспаптарында күй орындаушылар байқауында 2 орын, Сәтбаев қаласында өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы ІV Республикалық ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауында БАС ЖҮЛДЕ, 2023 жылы Шымкент қаласында өткен «Ұлы дала ойындары» Республикалық байқауының Ұлттық өнер бағыты, Күй-Қобыз номинациясында 1 орын иеленген жас қобызшы қызымыз Қыдырмұрат Әсел Уәлиқызы туралы мақтанышпен айтсақ, көптік етпейді деп ойлаймын. Өйткен, бүгінгі таңда Қызылқұм өңірінен келген бауырларымыздың арасында қобыз тартатындар саусақпен санарлық.  Қазақта сөз бар, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген. Осындай талантты баланың бойындағы өнерін дамытып, кәсіби қобызшы болуына ең алғаш оның туған отбасының үлесі мол.

     Қыдырмұрат Әсел 02.11.2000 жылы Қарағанды облысы, Приозерск қаласындағы Қарабеков Уәли мен Хожанова Гулбира жерлесіміздің үшінші қыздары  болып дүниеге келген. Қызының бойындағы қасиет әкесі Уәлиден көбірек дарыған болса керек, өйткені Уәли баян, домбыра, гитара аспаптарының құлағында ойнап, әдемі әндерімен кештердің көркін келтіріп отыратын. Анасы Әселді Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатына оқуға береді. (РҚМММИ). Түсінде Әселге бір ата қобыз бергендігін алға тартқан анасы, оның қобызшы болуын дұрыс деп шешкен. 2007-2019 ж.ж. аралығында ұстазы ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмолда Саян Досмұхамбетұлынан білім алған Әсел  Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Golden Time Talent (Алтын уақыт таланты) Халықаралық өнер фестивалінің БАС ЖҮЛДЕсін жеңіп, мыңнан тұлпар болып қайтты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы (бакалавр) 2019-2023 ж.ж. бітірген Әсел қобыз бойынша да, фортепиано бойынша да көптеген сайыстардан құр алақан келген жоқ.   
              Консерватория қабырғасында оқып жүргенінде түрлі ұстаздардан тәлім алғандығы босқа кетпеді. Атап айтар болсақ,  «Қобыз және баян» кафедрасының ЖАК профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қосбасаров Базархан Әбуұлы, кафедраның аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарсақбаева Әйгерім Әлімжанқызы және кафедра оқытушысы ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмолда Саян Досмұхамбетұлы секілді білікті ұстаздарының еңбегін ақтап шықты. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы ҚҰК 1 курс магистранты Әсел «Шаттық» жас өнерпаздар фестивалінен, «Тәуелсіздік – жүректегі әніміз» атты патриоттық әндер фестивалінен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілген «Әнші балапан» фестивалінен, Фортепиано бойынша I Халықаралық жалпы фортепианода орындаушылар конкурсынан, «New soloist» (Жаңа солист) атты І Халықаралық орындаушылар конкурсы. «Жалпы фортепиано» номинациясынан, «Әлем халықтарының музыкасы» V ашық жалпы фортепианода орындаушылар Халықаралық фестиваль-конкурсынан жүлделі 3-орындарды қанжығалап келген.

     Керемет жетістіктерге қанат бітіретін көпшіліктің қолдауы болатыны баршамызға аян. Әселдің де талантының танылуына қолдаушы болып,  жеке шығармашылық концерттерін өткізуге ұстаздары қолдарынан келгенін аямады. Республикалық және Халықаралық конкурстардың лауреаты Қыдырмұрат Әселдің «Күй-ғұмыр» атты күй кеші ұстазы: ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Д.Ақмолданың басшылығымен П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің камералық залында 14 сәуір 2023 жылы болып өтті. Әсен Смағұл мен Қыдырмұрат Әселдің «Жолаушының қоңыр күйі» атты күй кеші, ұстазы ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Д. Ақмолданың басшылығымен Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде 20 қазан 2023 жылы өткізілді. «Өнерлінің орны төр» демекші Әсел қызымыздың орны да жоғарыда болатынына кәміл сенеміз, себебі, қазірдің өзінде ол тынбай еңбектенуде, ізденуде. Әселді үнемі қолдап, өнерінің өрге жүзуіне қызылқұмдықтар да өз үлестерін қосып отырса, нұр үстіне нұр болады деп білеміз. Қобыздың атасы Қорқыттың өнерін өшірмей келе жатқан Әселге жемісті де жетістікті жол тілеймін.

Ақсәуле Мәмбетқызы
Автор