Суретшілер парақшасы

ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ ЖАС СУРЕТШІ

Нұрқан Ақылбек

     Үшқұдық қаласындағы Өмірзақ Қожамұратов атындағы номері 4 мектептің 10 сынып оқушысы Назаров Нұрқан өнерге қатты қызығатын жан.Ол ән айтып,гитара тартудан басқа,қалалық спорт кешеніндегі таэквондошылар секциясына қатысады. Ол Үшқұдық таэквондошылар құрама командасының құрамында Науаи облысының біраз қалаларында өткен жарыстарда жеңімпаз атанып, Ташкенттегі республикалық жарыстарға да қатысып келеді.

     Нұрқан Ақылбек ұлы мектепте,қалада өтетін спорт,өнер саласындағы барлық жарыстарға белсене қатысады.Әсіресе Нұрқанның сурет салуын айтсаңызшы. Ол 10- сынып оқушысы болса да,өнер саласында үлкен жетістіктерге жетіп келеді.Нұрқанның еңбексүйгіштігін,ерекше дарынын,талғампаздығын,кішіпейілдігін,ұстаздары мақтанышпен баяндайды.Сурет сызу оқытушысы Айғараева Жанар былай дейді: Менің он жылдан астам ұстаздық өмірімде бұндай кішіпейіл,тілалғыш,ерекше дарынды баланы көрмедім. Нұрқан үлкен суретшілік дарынымен,өте биязы,жұмсақ мінезімен мектепте үлкен абыройға ие.Бұндай оқушылардың келешегі үлкен. Нұрқан Ақылбек ұлы қазірдің өзінде үлкен суретші. Сызудан,сурет салудан қандай тапсырма берсең де Нұрқан тапсырманы өте қызығушылықпен,ерекше ынтамен орындауға тырысады. Бұндай қасиет біздің балалар үшін үлкен жетістік. Нұрқанның ерекше адамгершілігін,мектеп,ата- ана,халық алдындағы жауапкершілігін,түсінігі мол екендігін ұстаздарының барлығы атап өтті.Нұрқан бүгінде суретшілік саласында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Ол қаламмен,гуашьпен,майлы бояумен әртүрлі суреттер салып,ұзын санын 35- ке жеткізді. Нұрқанның басқа суретшілерден ерекшелігі сол.Ол Қызылқұмның табиғатына арналған әсем суреттер салады.Нұрқан өзі салып жүрген суреттері жайлы былай дейді: Сурет салу бағытындағы менің еңбектерімнің көбісі табиғатқа арналған,олардың 70-80 пайызы пейзаждар. Менің тақырыбым Қызылқұмның табиғаты,оның адамдары,әдер- ғұрып,дәстүрі,ойын- сауығы және тіршілігі. Міне осы суреттер,табиғат арқылы Қызылқұмды,оның әсемдігін көрсеткім келеді.Нұрқан » Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты қалалық суретшілер сайысында бірінші орынды алып,суреттері облысқа жіберілді. Қазақ балалары арасында Тауелібай тарихында Нұрқан Назаров бірінші болып өзі оқып жатқан балалар өнер мектебінің үлкен залында жеке сурет көрмесін ашты.Бұл көрмеге Олий Мажлис депутаты,Науаи кен- металлургия комбинатының директоры Н.И. Кучерский,Солтүстік кен басқармасы директоры В.В. Новиков, Беларусь мемлекет елшілігінің өкілдері және тағы басқалар қатысып, Нұрқанның суреттеріне үлкен баға берді. Нұрқан өзі салған суреттерден қонақтарға тарту етті.

     Қазір Нұрқанның алдында үлкен- үлкен көрмелер,сайыстар тұр.Оған суреттер салып дайындалып жатыр.2003 жылғы қазанның 20 жұлдызынан 30 жұлдызына дейін Ташкент қаласындағы Орал Таңсықбаев атындағы мемориалдық үй- мұражайда Нұрқан Назаровтың суреттер көрмесін өткізу бойынша келісім шарт жасалды. Өзбекстанда жасайтын өнерсүйер қауымды осы көрмеге қуана шақырамыз. Қызылқұмның жас суретшісіне балалар өнер мектебін жақсы аяқтап,барлық сайыстарда жеңіске жете беруіне тілектеспіз.

«Нұрлы жол» газетасы,27 қыркүйек,2003 жыл.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

СУРЕТШІ, МҮСІНШІ — ШАРАПАТ

Меңліқұлов ШарапатТау тұлғасы көрінетін алыстан,

Түрлі өнер тұла бойда табысқан.

Тыным алып арасында жұмыстың,

Түз тағысын төрт аяқты тауысқан.

Тауелінен талай алып марапат,

Талантымен танылған ер алапат.

Тас мүсін қып қашап қоя салатын,

Түлектерің Меңліқұлов Шарапат !!!

                                                                                        Өтегенов Т.

     Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында ҚЫЗЫЛҚҰМ өңірінің мектептерінде сурет салу, фото, ән, пән, спорт үйірмелері жақсы жұмыстар атқарып, барлық үйірмелерге  дарынды оқушыларды тартып жастардың армандаған мамандықтарының фундаментін жасап,келешектегі алатын кәсібінің қырымен сырын үйретіп,оларға облыс,республика жоғары оқу орындарына барып кәсіби маман болуына жолдамалар беріп жатты.  Үйірме мүшелері- біреулері жоғары оқу орнына түсіп шығармашылық кәсіби маманы болып жатса,біреулері -медик,педагог,жүргізуші болып кейбіреулеріне үйірмеден алған білімі хобби болып қалды. Мәдениет,өнер саласындағы, соның ішінде, сурет бағытындағы жандар өздерін басқа саладағы мамандардан бөлекше санайды.Себебі суретшілер жұмыс процессінде ғажайып табиғатпен тілдеседі,әсем жерлерді қағазға түсіру,сурет салу барысында өзінің көңілін көтеріп қоймай,толық біткен шығарманы тамашалаған көрерменнің да көңілін көтеріп, онда жасаған дүниесінің адам бойындағы стрессін алатын,көрерменнің жан -жақты тыныштық атмосферасының гармониясы мен сурет өнерінің қадір қасиетін ұқтырып, суретке деген білімін, танымын арттырып, барлығының тепе- теңдігін қалыптастырады.  Суретшілер  жақсы жасалған жұмыстарының өнерлерін тамашалаған көрермендерге қандай мотивация беретінін да жақсы біледі,жақсы түсінеді.Сурет өнеріндегі мамандар өз жұмысынан әрдайым жаңа импульс,таза энергия алып тұрады.Қазіргі таңда суретшілердің  еңбектері тек мәдени салада емес, ұлттық орнаменттерді, қазақтың әдет- ғұрып,салт- дәстүрлерін,еңбектерінің  барлық бағытын шетелдерде сурет арқылы насихаттауда да көруге болады,бұл ең қиын,үлкен, тиімді жұмыста суретшілер,мүсіншілер  үлкен роль атқарып келеді. Қазақтың ою -өрнектерінің суреттерін тек суретшілер көрме залдарында,мұражайлар да емес, мейрамханалардың төрінде, соңғы кездерде суретшілеріміз үлкен қалалардың көшелерін,алаңдарын,саябақтарын да безендіріп халыққа қуаныш сыйлап келе жатқанын көріп жүрміз.

  Міне осындай керемет жұмыстарды елу жылдай жасап жүрген,халыққа аянбай қызмет етіп келе жатқан ерекше дарынды ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ жерлестеріміздің бірі- Менликулов Шарапат Рыскулович.

   Шарапат Рыскуловичтың  ерекше  дарындылығының бір дәлелі ол тек кәсіби дипломды суретші емес, ол ҚЫЗЫЛҚҰМ өңірінде жалғыз дипломды мүсінші. Шарапат Менликулов Өзбекстан Республикасының еңбегі сіңген мүсіншісі Михаил Васильевич Порубта оқып білім,тәжірибе алған. Шарапат Рыскулович Михаил Васильевичтің Өзбекстан республикасында өткен үш көрмесін ұйымдастыруда  өзі студент болып жүріп,жүздеген студенттердің ортасынан бір өзі үлкен көмек көрсетіп сол көрмелердің куәсі болған. Михаил Васильевичті Өзбекстанда Ташкенттегі  Ходжа Насреддиннің ескерткішінің авторы ретінде жақсы біледі. Шарапат Ташкенттегі мәдени ағарту техникумының дипломды маманы ретінде оқу орнының  жолдамасымен Тамды ауданының мәдениет үйіне жұмысқа орналасты. Жас суретші-маман  өзінің  техникумда алған білімімен тәжірибесін  айны қатесіз өзі салған суреттерімен жасаған мүсіндерімен білікті маман екенін дәлелдеді.Өзбекстанның Науайы облысында өткен ұлттық ойындар,ыдыс- аяқтар,портреттер сурет байқауының жеңімпазы атанып Мәдениет үйі директоры Ишманов Жангелдінің мақтау қағазын алып, суреттері көрмеге қойылып әлі күнге дейін көрмеде қазақ ұлтының өнерінің барлық жетістігін айқындап көрсетіп тұр.

  Шарапат Менликуловтың қолтаңбасы Тамдыда жасаған “Өзбекстанға еңбегі сіңген оқытушысы” Уруов  Совет ұстаздың бюстын, Үшқұдықта Тамды ауданының хокимі Ә.С.Назаровтың ұсынысымен жасалған Тамды ауданының тұңғыш басшысы Ахмет Назаровтың мүсінімен,монументі,Тамды ауданының бес кеңшарында жасалған “ Ана” ескерткіштеріне,ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ақиық ақыны Өмірзақ Қожамұратовтың бюстімен,портретін,Кенжебек ақсақалдың портреттерін жасаудағы еңбектерінде ерекше көрініп, ол жұмыстары мұражайларда арнайы орын алып тұр.

   Суретші әрі мүсінші Шарапат Рыскулович тарихи Отанына көшіп келіп та сурет салуды, мүсін жасаудағы өнерін жалғастырып  балқы Базар жыраудың гуашьпен 170 жасына арнап портретін салып, гипстен “ Алтын адамның” мүсінін жасап Теміртау қаласындағы тұңғыш Президенттің мұражайына ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚТАРДЫҢ атынан  сыйға тарту етті. Қарағанды қаласының рәміздер мекемесінде Қазақстан Республикасының бойы бір метрлік биіктікте гербтің тапсырысын сапалы орындап берді. Өзі зейнеткер болып өз кәсіби суретшілік мамандығының тәжірибесімен екі немересімен бөлісіп,олардың суретші болуына ықпал етіп келеді.ҚЫЗЫЛҚҰММЕН САРЫАРҚАҒА белгілі суретші,мүсінші әлі де саябақтарды безендіруде қалалық басшыларға креативтік эскиздер жасап,өзіне шәкірт дайындап келеді. Өнер,сурет,мүсін жасау  әсемдік әлемінің дарынды өкілі ҚЫЗЫЛҚҰМ өңірінің  топырағынан шыққан ерекше тұлғасына шаршамай,күш- қуат тілеп жаңа идеялармен жасап жатқан ортамызды көркейтіп,әсемдік сыйлай бер деп өтінеміз.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ӨМІРІН ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Асилбек Нуртазаев

     Өмірде сурет салу, суретші болу барлық адамның қолынан келе бермейтін кәсіп, оған жоғарыдан ерекше дарын беріледі. Суретті салуға әрбір адам жастайынан өз бетінше қағаз бетіне айналадан өз көріп жүргендерін этап па этап салып үйренеді. Бірінші кезеңдерде болашақ суретші қағазға қаламмен өз эмоциясын білдіру үшін, айналаның, өзін қоршаған ортадағы есінде қалған сәттерді қағазға түсіреді,кейін өзінің бос уақытын конструктивті өткізу үшін сурет салумен шұғылданады. Сурет салу — бұл өмірдің мағынасын білдірудің бір тәсілдері, сөзбен қимылдың альтернативасы. Суретші — шығармашылық адамы, жан — жағындағы эстетикалық құндылықтарға ие,өнер туындыларын жасап қоймай, ол жеке эмоцияларын және жеке көзқарасын жұмыстарында көрсететін жеке идеяларын жүзеге асыратын, басқаларға сыйлайтын тұлға.

     Суретші дегенде біздің көз алдымызға қазақтың танымал суретшілері Гульфайруз Исмаилова, Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Исмаил Әбубакіровтердің еңбектері, ал өнер мұражайларында болғандардың  Леонардо Да Винчидің “Мона Лизасы”  немесе, Казимир Малевичтің “Чёрный квадраты”( Қара квадраты), Винсент Ван Гогтың“ Звёздная ночь” ( Жұлдызды түн) сияқты бүкіл әлемге белгілі суретшілермен олардың картиналары есімізге түсіп, көз алдымызға көргеніміз елестейтіні белгілі. Суретші болу оңай емес,суреттің да композитордың әніндей өз стилі болады, оның түрлері, бағыты, жанры, салу техникасы бар. Суретші болу үшін жақсы,жоғары біліммен бірге жоғарыдан берілген ерекше дарын болуы керек. Дегенмен,дүниежүзінде бес атақты Анри Руссо, Поль Гоген, Морис Утрило,Морис де Вламинк және Фрида Калолар суретшілік жоғары білімі болмаса да өзінің ерекше дарынымен дүниежүзіне  белгілі, танымал болған. ҚЫЗЫЛҚҰМДА суреттің теориясымен тарихынан білім беретін бейнелеу өнер мектебі, кәсіби өнертанушы, зерттеуші мамандар болмағанына, мольберт, этюдник,палитра, жақсы кисточкалармен сапалы краскалармен тәмінделмесе де керемет айны қатесі жоқ портреттер,пейзаждар сызып байқауларда жеңіске жеткен дарындыларда баршылық.

     Солардың бірі  Тамдыбұлақта дүниеге келген номері бірінші В.И.Ленин, М. Горький атындағы мектептерде білім алған Асилбек Нуртазаев. Бұқара қаласындағы мемлекеттік педагогика институтында оқып, ол армия қатарында да әскери полкта суретшілігін жалғастырды.Үшқұдық қаласына көшіп барып оның орталық шеберханасында суретші-безендіруші болып кейін Автокөлік басқармасында автомаляр әрі суретші болып қызмет атқарды.

     Жерлесіміз Асилбек Нуртазаевты арнайы шақырту қағазымен “ Союз” мәдениет үйіндегі суретші- безендіруші етіп жұмысқа қабылдап, сахнаны шебер безендіргендерін публика жеке қолтаңбасын жақсы білетін еді. Әсіресе, байқау ұйымдастырушылардың “Тауелібай аруы” креативті жобасындағы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтай отырып сахнаны безендіруі көрермендердің әлі күнге дейін есінде. ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ ақиық ақын Өмірзақ Қожамұратовтың 60 жылдық мерейтойының қарсаңында ақынның шығармашылығынан сурет салудан байқауда ақын атындағы мектептің акты (мәжіліс) залына “Өлгендер қайтып келеді” тақырыбына салған панносы бірінші орын алды.

     Өзбекстанның егемендігінің 10 жылдығына арналған сурет байқауында ерекше мерекелік мурал арнап ақшалай сыйлық,грамоталармен наградталды. Одан басқа да мектептерді, бала-бақшаларды безендіруде, ақын-жазушылардың: Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезовтың, Өмірзақ Қожамұратовтардың портреттерін салуда барлық шығармашылық потенциалын пайдаланып өзінің ерекше сурет салудың жоғарғы техникасымен шеберлігін көрсетіп алғыспен,сыйлықтар алды.

 Асилбек  Нуртазаев тарихи Отанына көшіп келіп Қарағанды облысындағы “Сұрыптау поезд” бекетіндегі бала-бақшаның сыртқы қабырғаларын безендірді. Экс-суретші, қазіргі зейнеткер Асилбек Нуртазаевтың  идеялары көп. Солардың топтамасы Қазақтың ұлттық ыдыстарына, киімдеріне, жиһаздарына, музыка аспаптарына жаңалықтар еңгізу болып табылады. Қарағандыды да эксклюзивті протезсіз тіс жасаған жаңалығы Қарағанды қаласының 5  (бесінші) каналынан көрсетілді. Суретші жерлесіміз әрбір ойлап тапқан шығармашылық жеке жобасына заңды түрде қоғамда,тұрмыста қолдануға авторлық құқық алуға дайындалып жатыр. Идеяға толы ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ суретшінің балалары да өнерлі.

      Өмірін өнермен өрнектеген  Асилбек Нуртазаевқа шығармашылық,қаржылық табыстар,зор денсаулық тілейміз.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ЖАҢА ЛОГОТИП, ӨЗІНДІК ИДЕЯ

     Ажырықты елді мекені тұрғыны болған бозбала Сүндет Серікбайұлы 1986 жылдары арман қала Алматыға өнер-білім үйрену мақсатында аттанады. Өзінің дарыны мен қазақы болмысын суреттер мен кескіндерде бейнелей алған ізденімпаз іскер жігіт әскери борышын өтеп келген соң архитектор мамандығын иелейді. Алайда бейнелеу өнері мен сурет сызу, дизайн саласындағы қызығушылығы 1992 жылдан бастап, дизайн, полиграфия саласында қызмет етуіне жол бастайды.

     Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілетімен көпке үлгі Сүндет Серікбайұлы Маемген бүгінде Қазақтың ұлттық сыйлықтарын өндіруші «Empire» компаниясының бас дизайнері қызметін атқарады. Аталмыш кәсіпорын ұжымы жағынан кәсіби шеберлікпен дайындалған кәдесый мен сыйлықтар жиынтығы, сувинерлер, тұрмыстық бұйымдар жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие екен.

     Сүндет Серікбайұлы жуырда редакция алқасына хабарласып, аудан айнасы, 83 жылдық тарихқа ие «Тамды шаруагері» газеті логотипін әзірлеумен қолқабыс жасады. Суретші-дизайнер ретінде бірқатар игі бастамаға жетекшілік етіп, қазақ мәдениетін жандандыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан Сүндет ағаның бұл бастамасы туған жерге, Тауелінің астанасы – Тамды ауданына деген ыстық сағынышын бедерлеп тұрғандай.

     Тамды сөзінің үстіндегі бейнеде қазақи киіз үйдің стилистикалық формасында қошқар мүйіз ою бейнеленген. Қошқар мүйіз ою — береке-бірлік, байлықтың символы. Бұл әрине шаруасы шалқыған Тамды ауданындағы шаруагер-малшылардың қазыналы өңірі екендігін дәлелдегендей.

     Осы ретте Тамдының талантты тумасы Сүндет мырза Маемгеннің қанаты талмай, қажыр-қайраты арта беруіне тілектеспіз. Мықты денсаулық, әр бастамасына сәттілік, отбасына бақ-береке тілей отырып, оқырман көзайымына айналған төл басылымға жаңа логотипті орналастыруды жөн көрдік.

Гүлдана ТӨРЕХАНҚЫЗЫ
Гүлдана Төрехан қызы
Автор

ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

Ғарифулла Сражов

     Қолөнермен, ескерткіш жасаумен айналысу үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет. Бабадан қалған осы текті өнерді бүгінге дейін жаңғыртып келе жатқан шебер жандардың бірі — тамдылық  Ғарифулла Сражов.

     Ғарифулла Сағидуллаұлы жастайынан әке өнегесін бойына сіңірген. 8-9 жасында әкесі Сағидулла Әбуовтың қасында сурет салып, түрлі-түсті мүсіндер, ағаштан ойылатын заттарды жасауды машықтанған. Жас қолөнершінің әкесі Бұхара мемлекеттік институтын көркемөнер факультетін тәмамдап, осы салада біраз жыл еңбек еткен ардагер. Баласының өнерге икемін байқаған Сағидулла ақсақал қолөнермен қатар қазақтың ұлттық ән-күй өнерін, ұлттық аспаптарда ойнауды үйретеді.

     Көне Тамды тұратын қолөнер шебері Ғарифулла мектепті бітірген соң сол кездегі училищенің балетмейстр мамандығын меңгеріп, Үшқұдық ауданындағы «Қызылқұм» мәдениет үйінде 5-6 жыл қызмет атқарады. Өндіріс зауытта да еңбек еткен Ғарифулла 2011 жылдары Тамды аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасады.  Жұмысына ұқыпты, өнерге әуес жан үйірмелерінде  домбыра мен қоса ұлттық аспаптарда ойнауды, ұлттық биді билеуді өскелең ұрпаққа үйретеді. Сондай-ақ талдылық қабілетті оқушыларды қолөнер бұйымдарын жасауға баулыған сегіз қырлы маман бүгінде Тамды қалашығындағы №25 мектепте шығармашылық-мәдени мәселелер бойынша насихаттаушы болып жұмыс істейді.  Оның қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен макеттер, гипс пен балшықтан жасалған мүсіндер ерекше көз тартады. Оның ішінде Тамды ауданындағы бірнеше бала-бақшалар мен мектеп алаңдарындағы кірер ауызға орнатылатын жануарлар мен құстардың  туындылары, ғимараттардың макеттері, Тәуелсіздігіміздің символы ретінде жасалған мүсіндер назарға ерекше ілінеді.

— Бұл іспен айналысқаныма біраз жыл болды. Өзім жастайымнан ескерткіш жасау мен архитектура саласына қызығатынмын. Алдымен кішігірім заттарды жасап жүрдім. Оқушыларды  өнерге баулитын əртүрлі үйірмелерде жұмыс жасай отырып, қолөнерге епті балаларды жұмылдырдым. Арнайы шеберхана ашып, мекеме сәніне сән қосатын түрлі жануарлар мүсінін жасай бастадық. Сатып алушылар жұмыстың сапасына ден қояды. Сондықтан өнер қолөнер бұйымдарымызды әдемі әрлеп, сапалы сырлауға мән береміз. Тапсырыс жасаушылармен тығыз байланыс орнатып, керек болса реставрация жасауға тырысамыз. ұлттық салт-дəстүрімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауды көздейтін, əдеп-ғұрпымызды дәріптеп, қол еңбегін машықтандыратын қолөнер үйірмесіне бүгінде оқушылардың қызығушылығы артқан. Шәкіртім Жасұлан бүгінде мүсін жасау, мәрмар тасты қашау сырларын үйреніп, жұмысыма қолқабыс жасайды.  Осындай қолөнер үйірмелері өскелең ұрпақ  үшін тәрбиелік маңызы өте зор, — дейді Ғарифулла Сағидуллаұлы.

     Бүгінде қолөнершінің жұмыстары аудандық мәдениет үйінде, мекемелер мен бала-бақшалар ауласында, мектептердің сыртқы фасатына орналастырылған. Бірнеше рет аудан  орталығында ұйымдастырылған көрмелерге туындыларын ұсынылды.

     Ғарифулла Сағидуллаұлының шәкірттері Тамды ауданының  құрылыс, сәулет, білім және басқа да салаларында еңбек етіп жатыр. Жаңалыққа жаны құмар, əрдайым ізденіс үстінде жүретін ұстаздың шәкірттері мүсін жасаумен қатар домбыра тартуды да үйренеді. Бүгінде жолдасы Гүлжазира Өтегенова  екеуі — ұл мен қызын тәрбиелеп,  ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп  отырған жандар. Қолөнерші атадан қалған өнердің өміршеңдігін жоғалтпай, келер ұрпақ санасында мәңгі жаңғыруын шын тілейтін жандардың қатарында. Біз де шығармашыл насихаттаушы-ұстаздың жұмысына толағай табыс тілейміз.

Гүлдана ТӨРЕХАНҚЫЗЫ
Гүлдана Төрехан қызы
Автор