Әншілер парақшасы

ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ  ӘНШІ ПЕРЗЕНТІ

Медеу Шилманов«Дарынды адам барлық жағынан дарынды», — деп жатады. Медеу де өзінің көпқырлылығын жастайынан бастап көрсете бастады. Ол төрт жасында-ақ қазақтың мақал-мәтелдерін, ән, өлең, терме-жырларын жатқа айтатын. Оған ауылдастары, бала бақшадағы тәрбиешілері бұл-бір шешен, ерекше бала болады немесе айтыскер ақын болар деп ойлайтын. Оның  мықты әнші болатынын  кішкентайынан-ақ  аузы дуалы, көкірегі ояу Базаргүл әжесі білген. Медеу ауылдың мектебінің орыс тілі және әдебиет мұғалімі  Шилманов Сарсенбай мен  Бибайша Шамұратованың  төрт баласының екіншісі.

Медеу қолына домбыра алып, қолы бос уақыттарында өзінің атасынан әндер, жырлар, термелер үйреніп алып, бала-бақшадағы достарының алдында ән шырқап, мектеп табалдырығын аттамай-ақ, бірнеше әнді, күйді нақышына келтіріп орындайтын болды. Алты жастағы баланың кішкене сахнадан  айтқан әндері жұртшылыққа ұнай бастады. Мектепте  әртүрлі  мерекелерде ән шырқап беру өтініші көптейе түскеннен кейін Медеу өз репертуарын байытып, қазақтың халық әндерімен бірге қазақтың вальсінің патшасы Ш.Қалдаяқовтың, И.Жақановтың, Е.Хасанғалиевтің, Ә.Тыналиевтің әндерімен қатар «Нұрмұхасан» тобының  шығармаларын қосты. Бастауыш сыныпта оқып жүріп мектепте өткізілген ән байқауларында әрдайым біріншілікті иеленуі келешекте «Кім болам?» деген сауалға жауабын  тапқандай болды. Сонда да футболшы боламын деген ойын әлі де өзгерте қойған жоқ еді. Дегенмен, доп қуудан гөрі ән айтудағы өнері нәтижелі болды.
Мектепаралық, ауданаралық ән байқауларының жеңімпазы атанған Медеу сахнада өзін еркін ұстайтын болды. Өсе келе гитарада, домбырада  әнді жоғары дәрежеде орындайтын әншінің өз көрермені, тыңдаушысы калыптасты. Дәстүрлі әндер сайысының жеңімпазы болғаннан соң, өзін облыстық жас эстрада әншілер сайысында сынап  көрмекші болды. Алғаш «Қызылқұм балдырғандары», кейін «Қызылқұм дауысы» атты Науаи облыстық ән сайыстарда жеңімпаз атанып, мектеп жасында-ақ  Үшқұдық  мәдениет үйіне  контрактпен әнші болып жұмысқа қабылданды. Осыдан соң  Медеудің  ән өнеріне деген қызығушылығы арта бастады. Сөйтіп футболшы болу арманымен қош айтысты. Осы жылдары Медеу эстрада әншісі ретінде облыс көлемінде таныла  бастады. Ол Үшқұдық, Тамды, Зарафшан, Мұрынтау, Зафарабад, Науаи аумақтарында, Бұхара облысында Қарауылбазар, Ташкент облысының қазақтар жасайтын барлық  аудандарында концерттер берді. Қызылқұм тарихында алғаш рет мектеп оқушысының  эстрада әншісі ретінде КВН командасының  құрамында  шет елдік сапарға шығуы Беларусь Республикасынан басталдыЕнді Медеудің репертуарында  қазақша  әндерден басқа орыс, украин, итальян  т.б. елдердің әндері де қосылды.

Шығармашылық, әншілік жолындағы мектеп оқушысының ең бір үлкен жетістігі – Қызылқұм тарихында  бірінші рет Медеудің  Ресейдің ОРТ № 1 каналының «Юникс» Арнасындағы жүргізуші, продюсер Юрий Николаевтың «Утренняя звезда» (Таңғы жұлдыз) бағдарламасында жұртшылықты өз өнеріне тәнті етуі еді. Жиырма миллионнан астам  өзбекстандықтар арасынан Ресейдің Бірінші телеарнасынан қазақтың баласының орыс тілінде  ән айтып шығуы кішкентай ауыл үшін  әрі қуаныш, мақтаныш, әрі үлкен абырой болды. Осыдан соң дарынды жас әнші туралы радио, телевидидардан   мақалалар, ақпараттар  жарық көрді. Бұл мақалаларда  оның тыңдарманды  баурап алатын даусынан қазақтың кең даласының үні естілетіндей әсер пайда болатындығы  туралы көп айтылып, жазылды. Оған  өнердегі алдыңғы  буын  аға-апалары үлкен сахналардан көрінуін, биік атақ-даңққа ие болуын тілеген. Медеудің таза ашық ешкімге ұқсамайтын дауысын, оның әнді кәсіби  шебер орындайтынын біліп, жан-жақты тәлім алуына  кәсіби мамандар  Пономарёва Миляуша Мударисовна мен Овчинникова Галина Георгиевналар қолдау  көрсетті. Олар бірнеше әндерінен дискілер жазғызып, «Портрет» атты жеке шығармашылығы  туралы бейнебаяндар түсіртті. Миляуша Мударисовна мен Галина Георгиевналардың  ұйымдастыруымен Медеу Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында ән шырқап,  кейін арнайы  шақыру хатпен  Ресейдің  Псков қаласының  1100 жылдық мерейтойының мерекесіне қатысты. Бұл 2002-жылы еді. Сол жылы Қапшағайдағы  өткен «Сәлем, Голливуд!» Қазақстан-Америка ән сайысы жобасында дипломант атанды. Дүниежүзі қазақ қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев Медеуді «шетелде жасайтын талантты әнші, қазақтың  абыройын көтеріп жүрген  қандасымымызға» деп, Қауымдастықтың  арнайы қол сағатымен марапаттады. Осы жылы Қазақтың мемелекеттік Мұхтар Әуезов атындағы  академиялық драма театрының  белгілі театр, кино және эстрада әншілерінің  «Весь мир – театр»  (Театр – бүкіл  әлем) атты Орта Азия мемлекеттерінің жұлдыздарымен бірге қайрымдылық акциясында арнайы шақыру хатпен Өзбекстан республикасы атынан  өнер көрсетті. Содан кейін Қызылқұмнан шыққан жас таланттың  бағы жанып, Латвияның  Юрмаласындағы  «Балтийский транзит» халықаралық ән сайысында 2003- жылы «Миллениум» тобымен бірге және дипломант атанды.

Әншілік саласының  арнайы маманы болу мақсатында Ресейдің  Мәскеу  мемлекеттік университетінің  мәдениет және өнер жоғары кәсіптік білім беру бойынша федералды мемлекеттік мекемесінің эстрадалық ән факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, дипломмен қоса университеттің ректорынан  бірнеше алғыс  хат кағаздар мен  марапаттауларына  ие болды. Қызылқұмнан Мәскеуде ән факультетін бітірген  дипломға ие тек Медеу ғана еді.  Университет қабырғасында   жүріп өз өнерін біліммен  ұштастырып,   өзінің ерекше  қабілетті екенін дәлелдеді. Жоғарғы  оқу орнындада  қолынан  домбырасы түспей, өзінің афроамерикан достарымен бірге музыкалы топ құрып, концерттер ұйымдастырды. 2008-жылы Ресейдің Тобольск  қаласында өткен  «Золотые купола 2008»  (Алтын күмбездер 2008) атты XI халықаралық фестивальдің «Эстрадалық вокал»номинациясы бойынша және сол жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен халықаралық ән сайысының «Короли сцены» (Сахна патшалары», «Эстрада вокалы» номинациясында екі сайыста бірінші дәрежелі лауреат атанды. Лауреаттық атақпен бірге Молдова Республикасының Бельцы қаласында өтетін «Хрустальный Аист»  (Хрусталды көкқұтан)  атты халықаралық ән сайысында он жеті мемлекеттен келген әншілердің ортасынан  үшінші дәрежелі дипломға ие болды. 2008-жыл Медеу Шилманов үшін ең жемісті,  табысты,  қызықты студенттік жылдар  болды. Ол Мәскеуде  барлық эстрада жұлдыздарымен бірге концерттерде болып, олармен бірге  естелікке суретке түскен. Олар  барлық  әнсүйер қауымға танымал Ресей эстрада жұлдызы Ф.Киркоров, А.Глызин, композитор И.Крутой тағы көптеген  қазақстандық жұлдыздармен бір сахнада ән шырқады.  Сол жылы «Эстрада вокалисті» номинациясы бойынша Ресейдің Саратов қаласында өткен екінші Дүниежүзілік дельфий ойындарында қатысты.

2010-жылы университетті аяқтап, концерттік, ансамбль әншісі, эстрадалық өнері оқытушысы мамандығын алып, Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестіктің «Мерей» ансамблінің әншісі болып еңбек жолын бастады. Бүгінгі күні ол «Жұлдыз» Республикалық ән сайысының лауреаты, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жүлдесінің  иегері. Шығармашылығын  Талғат Идрисов басқарып отырған ұжымда жалғастыруда. Медеу  Сарсенбайұлы табиғи қоңыр даусының, еңбексүйгіштігінің, іздемпаздығының арқасында көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. Ол қайырымдылық концерттерді ұйымдастыруға ат салысады, қала, облыс аумағында өтетін мерекелік ісшараларында өнер көрсетеді. Қазір кәсіби әншінің репертуары  мол. «Мерей» ансамблінде дуэт, трио, квартет, ансамбль болып ән шырқап, қазақтың мәдениетіне өз үлесін қосып келуде. Алда үлкен-үлкен жоспарлар тұр. Өнерде өз орнын тапқан, шетелдегі  кәсіби ән сайыстарында жүлделермен оралған, елін, жерін, ұлтын, өнерін, тілін шетелдерге таныстырғандардың бірі – біздің  Медеу! Әлбетте,  Өзбекстан, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Балтық бойындағы Латвия, Молдова мемлекеті, Түркия мен Қытай мемлекеттерінің көрермендерінің алдында  өнер көрсету үшін үлкен дарынмен қабілет, кәсіби шеберлік пен  өз ісінің маманы болуы керек. Ал, Медеу жалпы сахна  мәдениетін мінсіз, жан жақты, еркін игерген.  Қазіргі таңда ол тың жобаларды іске асыруды мақсат етіп қойған. Бұл жаңа жобаларды енгізуде талай халықаралық ән байқауларынан  кәсіби, тәжірибелі, атақты  әділқазылардың сынынан  өткен мол  тәжірибесі серпін береді. Ол жастарды ән өнеріне баулуға құштар. «Ата көрген оқ жонар» демекші, Медеудің де атасы Орынбасар да әрі әнші, домбырашы, сырнайшы  болған. Кезінде белгілі сырнайшы, ақын, әнші  Нартай Бекежановты көрген, айтқан әндерін тыңдап, сұхбаттасқанын есіткенбіз. Ол кісі КСРО мемлекетінің «Денсаулық сақтау саласының үздігі». Сондай интеллегентті отбасынан шыққан Медеудің жетістіктері  жастарға үлгі болатынына сенеміз.

Қосымбайұлы Шоқан
Шоқан Қосымбай ұлы
Автор
0:00 / 0:00
Туған жер

ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗ, БАҚЫТТЫ АНА, АЯУЛЫ- ӘЖЕ, КЕРЕМЕТ ӘНШІ- МӘДИНА

Мадина Қауапова      Қауапова Мадина Аймахановна 1968 жылы 08 маусым Кенимех ауданы Теріқұдық ауылында дүниеге келген.
Нөмірі 21 Бердах атындағы 10 жылдық орта мектебінде оқып жүргенде-ақ әнге деген қызығушылығының арқасында барлық оқушылар сайысында, Республикалық балалар сайыстарында жүлделі орындарды иеленді. Қалалық аудандық мерекелерде де Мәдина домбырамен өзінің сүйіп орындайтын халық әндерін шырқап халықтың ықыласына бөленді. 1986 жылы Науаи педагогика институтының филология факультетіне оқуға түседі. Өнермен оқуды ұштастыра жүріп Науаи политехника университетінің студенті, өзінің өмір серігі Керуенбаев Ғанимен 1989 жылы отау құрады.
Гүлімай Ұлан Әсемай атты перзенттері өмірге келді.
1991 жылы жоғарғы оқу орнынын тәмамдап Үшқұдық қаласындағы 9 балалар бақшасында еңбек тәжірибесін тәрбиеші болып бастады. 2000 жылдары сол қаладағы 9 мектепте тәрбие істері бойынша директордың орынбасары лауазына ауысады. Осы салада он жылдай уақыт жұмыс атқарып өз еңбегін аянбай шәкірттерді өнерге білімге тәрбиеледі.
Мәдина Аймаханқызы Тәуелібай еліне өзінің әсем әндерімен танымалы әнші. Мәдинаның педагогика саласында атқарған жұмыстары барлық кезде творчестволық ерекшелігімен алдыңғы қатарда болды. Мәдинаның өнердегі ерекшеліктері жастарға қазақтың халық әндерін үйретудегі еңбегі және өзінің қазақ халқының әндерін домбырада шеберлікпен орындауында. Мәдина Аймаханқызының репертуары өте бай , әрі тартымды, дауысы ерекше. Әншінің концерттерде сахнаға шығуын көрермен асыға күтетін. Тәуелібай елі өз әншісін мақтан етеді әрі құрметтейді.
Үшқұдық қаласының ‘Орион’ телеарнасы дарын иесіне арнап жарым сағаттық видеофильм түсірді.
Бақытты -ана, немерелеріне аяулы -әже, өнегелі — ене. Мәдина
2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматы. Бүгінгі күнде Алматы қаласының тұрғыны. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып қазіргі күні Алла берген үш немеренің әжесі, сондай-ақ жан жақты болған Мәдина өзінің бос уақытында қол-өнер шеберлігімен айналысады.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ЕКІ ӘНШІНІҢ ӨНЕРДЕГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Аякоз бен Альбина

     Музыка  индустриясында  солист,вокалист деген сөздер бар, ол біздің сөзімізбен айтқанда әнші. Әнші поп, рок, джаз сондай-ақ классикалық музыкада ең басты роль атқарады. Әншілер концерттік бағдарламалардың атмосферасын жақсартып,тыңдармандардың көңіл күйін көтеріп,әнсүйер қауымда жақсы әсер қалдыруға тиісті екенін түсінеді.Әнші тыңдаушыға өзін жақсы жағынан көрсетуді біледі. Біз жақсы,тартымды репертуары,әдемі дауысы,сахнада жүріс- тұрысы, киім-киісі, сәлемдесуі, керек болса өмірдегі ұстанымымен мәдениеті, халықпен сыйластығын да есепке алып, оларға баға береміз.

     Міне өнердің, сахнаның осындай темірдей қатты тәртібін қатаң сақтап, өз ұстанымы, принципі бар, тәрбиелі,музыка ұжымдарында сыйлы, өнерде көп жылдық тәжірибесі бар, мәдениет саласында хор дирижёрлық  дипломы бар Аякозбен Шоу бизнеске енді аяқ басып, өзінің ішкі мәдениетімен және өнер оқу орындарында сабақ алып,жастайынан сахнаны бағындырып келе жатқан жас өнер иесі Альбинаның сахнадағы қуанышты ,жеңісті сәттерін qyzylqum.kz Сайтында жазып, таныстырып өтуді жөн көрдім.

     Мен өзі өнер саласында көп жылдар бойы жүргенненсоң Аякозді  танимын. Бір күні аудан үлкен ән сайысын өткермекші екен. Өз төл репертуарымдағы әнмен байқауға шыққым келмейді. Маған басқаша бір ән таңдап бересіз ба, — деп ақыл-кеңес сұрап келдім,- деді. Мен дауысына келетін, көп әндерден жақсы ұпай жинайтынын айтып, соңында «ДАЙДИДАУ» әнін орындауға тоқталдым. Аякоз өзі тәжірибесі мол әнші, репертуарында қаншама әндері болсада осы «ДАЙДИДАУ» әнін орындап сол байқауда жеңімпаз атанды. Сол уақыттан бері таныспыз. Ал Сіздерге тек әншілік емес, мәдени іс шаралар ұйымдастырудағы шеберлігін қоса айта кету дұрыс деп ойладым. Міне, мынау әншіміздің өмірбаянымен өнердегі жетістіктері.

     Акмолдаева Аякоз Бостандыковна Бұхара облысы,Тамды ауданында туылып, онжылдық В.И.Ленин атындағы  мектепті  1984 жылы бітіріп,сол жылы Үшқұдық қаласына жұмысқа орналасып, кейін ҚЫЗЫЛҚҰМ өңіріне танымалы «АҚТАУ» ән- би ансамблінен шақырту алады. Екі жылдан соң мәдениет саласында дипломды болу мақсатында білім алуға Бұхара мәдениет техникумына түсіп хор дирижёры дипломын алып, Үшқұдық аудандық мәдениет үйіне жолдама алып көркемдік жетекші болып жұмысты бастайды. Кейін Аякоздің көмегімен ҚЫЗЫЛҚҰМҒА танымал,  музыкалық, ұйымдастыру қабілеті жоғары, сауатты, білімді, әуесқой сазгер, ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ГИМНІ атанған, ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ақиық ақыны Өмірзақ Қожамұратовтың сөзіне жазылған «Туған жер» әнінің  авторы МҮСІРЕП САТАНОВ «ЖАЙЛАУКӨЛ САМАЛЫ» атты ансамбль ұйымдастырып, онда әнші болып ТАМДЫ, КЕНИМЕХ, ҮШҚҰДЫҚ ауданы совхоздарының фермаларында, ҚАРАҚАЛПАҚСТАН автономиялық республикасының аудандарындағы концерттерінде шырқаған «Алтыбақан», «Тырналар», «Тамдым әнім»,»Көктем көңілі»  әндеріне талайлар қол соққан. Жанжақта гастрольде  жүріп та    «ТУҒАН ЖЕР ӘУЕНДЕРІ»,» «ҚЫЗ СЫНЫ”, Зарафшан қаласындағы, Бұхара облыс ән сайыстарына дайындалып, қатынасып жеңімпаз атанып жүрді. Сол үлкен, жауапты жұмыстарды тиянақты орындай жүріп жергілікті телевидениенің өткерген дикторлық кастингісінде өз шеберлігін көрсетіп  көгілдір экраннан халыққа хабар таратқан болатын. 

      Есімде  Аякоздің өзі байқаулар ұйымдастыратын болса барлық қатысушыларға репертуарын дайындап,музыкасын жаздырып,репетиция жасап, сценариясын жазып, сахнаға киетін киімдерін: костюм, көйлектерін өзі таңдап, тіккізіп, жүгіріп жүретін. Өзі жеке жобалар жасап балалар ортасында » Әнші балапан»,»Көктем қызғалдағы» байқауларын, үлкендерге  «Шәмшінің әндері- ай» ән сайысын, Мұқағали Мақатаевқа арналған кештерді,ақындар айтыстарын жоғары дәрежеде өткеріп, сайысқа қатысушы әділ бағасын алып, көрермен ұйымдастырылған мәдени іс шараға риза болып қайтатын. Аякоз халқын, елін сүйген, ҚЫЗЫЛҚҰМ өнеріне үлкен үлес қосқан мәдениет саласындағы қыздарымыздың бірі. Аякоз Бостандыковна ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ өнеріне, мәдениетіне үлкен еңбегі сіңген сазгер Сенбі Айтбенбетовтің Үшқұдық қаласында «Современник» мәдениет үйінде ұйымдастырған  «ҚЫЗЫЛҚҰМ САЗЫ» оркестрінде бас әншісі болып, ол ешқашан фонограммамен ән айтпағанын да айта кеткеніміз жөн. Ал, жастайынан сахнада жүрген,жас өнер иесі кім болды?, — деген сұраққа оралайық ол Альбина Жүзбайқызы Абдираманова Тамды ауданының Жаңашаруа совхозында дүниеге келген  3 (үш) жасында  «Анашым» әнін орындап бірінші орынды жеңіп алған,ал 5 (бес) жасында Үшқұдықта әртүрлі ұлттардың балаларының арасындағы орыс тілінде өткен » Мисс Учкудука» байқауында бас жүлдені иеледі, «Маленькая принцесса» байқауында да озып шықты. Өзбекстанның Навойи облысында жылда  балалар ортасында өтетін «Қизилқум санъат ғунчалари» сайсына қатынасқан жүздеген балалар арасында екінші орын алып, тарихи Отанына көшіп келіп, екінші сыныпта-ақ бас жүлдені жеңіп алып, репертуарын байытып мектепте жеке концерт беруге қол жеткізді. Сахнаны бағындыру жалғасып Астанада өткен «Әнші балапан» сайысына қатынасып 3 ( үшінші) орынға ие болды. Жас  кезіндегі және бір қатынасқан байқауы халықаралық

     «БОЗТОРҒАЙ» ән сайысындағы жеңісі болды. Өнердің жолына түскен Альбина кәсіби маман болу үшін  Қарағандының Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қобызшы факультетін бітіріп, білімін жоғарғы оқу орнында жалғастыруды жөн көрді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Консерваторияны бітіріп жұмысты бастап, кейін Т. Жүргенов атындағы академияға методист болып жұмысқа кіріп, қазіргі күні Алматыдағы «Алатау әуендері» ансамблінде әнші болып ең қиын, ауыр, қызықты жұмыс атқарып, анасы Аякоздей әдемі дауысымен әнді орындағанда эмоционалды, экспрессивті етіп көрермендерді өзіне баурап алатын әнші болып келеді. Міне екі әншінің-анасымен қызының музыкадағы, өнердегі жолымен танысып жеңістерін көріп, танысып, алда жеңістерің көп болсын, дендерің сау болсын деп шығармашылық карьераларыңның жоғарылауына қуана,мақтана жүрейік дейміз  екі өнерпазға. Әлбетте, Тамдыда дүниеге келген анасы Аякозбен Үшқұдықта туылған Альбинаның екі әншінің өнерге, әнге махаббатын,жалпы рухани байлықтарын аша айта алмадық оны айтуға да алда мүмкіншілігіміз бар. Біз Аякоз қызы Альбинаны сайыста жеңімпаз, харизмалы мінезді әнші қызын, әдет-ғұрып, салт- дәстүрді, ана тілін сыйлайтын, құрметтейтін  етіп тәрбиелегеніне қуанып, алғыс айтамыз.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ПРИМАДОННАСЫ — ГҮЛЖАЗ

Гүлжаз ҚұлмановаАдам баласының тектілігі — жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен.Себебі, адам қашанда жаратылыс көрсеткен тәжірибе үлгісі бойынша өмір сүреді.
Жаратылыс заңдылығы бойынша адам өмірі болмыстан нәтежиеге, яғни бір нәрсе істеу, сосын бір нәрсеге қол жеткізуге дейін жалғасады. «… Сен де бір кірпіш дүниеге,
Тетігін тап та бар қалан!»

     Әрбір адам жарық дүниеге келген соң жақсы білім, мамандық алып,сүйікті ісімен шұғылданады.Бірі- дәрігер,бірі- ұстаз,бірі-жүргізуші тағы сол сияқты қоғамға керек жұмыстарын өзінің кәсібі бойынша атқарады. Бір сөзбен «Жаратушы өмірдің басты авторы, ал біздер соавторлармыз.» Дей келе, дархан еліміздің солтүстігінде, дәлірек айтсақ , Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы, Новоишим деген байөлкеде, жезтаңдай әнші,менің өнердегі аға-әпкем — Жанболат пен Гүлжаз есімді жақсы жандар өмір сүруде. Бүгінгі тақырыптың басты кейіпкерлері.

     Біздің Гүлжаз, отбасында ата- анасының мейір- махаббатынан нәрленіп, қолдау көріп, ертеден еліне еленіп, «Өнер» атты кемесінің желкенін Жанболат жолдасымен бірге кернеп келе жатқанына 30 жылдан асыпты.
«Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.»
(Ш. Мұртаза)

     Тағдырлары бірлесіп жазылған Жанболат пен Гүлжазды алғаш көрген кезім еш есімнен кетпес. 2002жылы, Петропавл қаласында өткен наурыз мерекесі. Сол өңірлерге қоныс тепкен жерлестеріміз, өз аудандарының атынан киіз үй тіккен. Соның ішінде біздің киіз үйде бар. Ертеңгі мерекеге дайындалып, әпкем Толғанай екеуміз «Жарапазан» әнін шырқап жатқанда, қарүйімізге 1жігітпен келіншек сәлемдесіп кіріп келді. Сырттан әнімізді естіп, «Құдайбергеновтер ансамблі» кеп қалған ба деп ойлапты. Бір-бірімізбен танысып-білісіп, әмпәй-жампай болдық та қалдық. Міне содан бері 20жылдан асыпты. Қуанышты да, қайғыны да бөлісетін, осындай керемет отбасылық достар тапқаныма Аллаға сансыз шүкір айтам.Дүниеде бір ғана анық нəрсе бар: ол — өсіп-өнуге деген құштарлық! 

     Гүлжаз, мектеп кезден бастап ән- күй үйірмесіндегі дайындықтартан қалмай, өнердің қырымен сырын үйреніп, бүгінгі таңда өнер баспалдағына нық қадам басқан жан. Әншілік дебюті Тамды ауданының Ф.Энгельс атындағы мектебінің сахнасынан басталыпты. Ән айту шеберлігін үшкірлеп, ақындар айтысында Мұхтар Шахановтың «Менің атымды неге Мұхтар қойған?» термесімен дарынының және бір қырын көрсете білді. Тарихи отанымызға көшіп келген жылдары, Солтүстік Қазақстан облысында өткен термешілер байқауында, кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп, жүлделі орынды иеленгенінің куәсі болдым.

     «Талаптыға нұр жауар».Гүлжаз екеуміз Көкшетау қалалық Ақан Сері атындағы өнер колледжінің «Халық аспаптар оркестр жетекшісі» факультетін бірге бітірдік. Студенттік кез Гүлжаз үшін ерекше жыл. Себебі, үлкен оркестр сүйемелдеуімен талай концерттерде өнер көрсете білді. Лидерлік қасиетінің арқасында, группалас өнерлі жастарды біріктіріп, небір естен кетпес кештер ұйымдастырдық.

     Колледжді бітіріп, өнерге өрлеген Гүлжаз, Көкшетау қаласының А. Мырзахметов атындағы университетін де тәмәмдады.
Қос дипломды өнер тұлғасы, алған ілім-тәлімін паш етіп,Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы, Новоишим ауылында жеке концертін беріп әсем дауысымен көрермендерін қуантып келеді.

     Гүлжаз Құлманова әнші,домбырашы,асаба,халық аспап оркестрінің көркемдік жетекшісі Алла Тағаланың берген өнерімен сахнада өз орнын тауып,жастайынан армандаған,таңдаған мамандығының шебер әншісі-ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ПРИМАДОННАСЫ.
Гүлжаздың бақытына, жолдасы Батырбаев Жанболат- бесаспап өнер адамы болып екеуі ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ болып біздің өнеріміздің тарихында үлкен із қалдырып келеді.

     Гүлжаз бен Жанболат еңбекқор,іздемпаз,екеуі де кәсіби мамандар. .Жанболаттың да өнердегі ролі ерекше. Ол- гитарада,домбырада,баян,аккардеонда,ямахада қандай ән,қандай әнші болмасын шебер сүйемелдеп береді.
Репертуарында 4 тілде ән шырқайтын ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ПРИМАДОННАСЫНАН алдағы уақытта сүйікті кәсібінен,жастайынан қайтсем де сахнаны бағындырамын деген арманына жете берулеріне, өсіріп отырған екі ұлының тек қызығын көрулеріне тілектеспіз! Қанаттарыңыз талмасын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!  

Айтпенбетов Елжан
Елжан Айтпенбетов
Автор

ҮЗДІК ӘНШІ — АЙЖАН

     Айжан Мұсақызы жетінші сыныптан бастап ән салып барлық қатынасқан ән байқауларында жеңіске жетіп келеді. Нағашыларынан дарыған әншілікті жас кезінде анасы қолдап- қуаттап жүретін. Анасының патронажына алатын себебі да сол тек ән айтып қоймай Керегетау елді мекенінде бір өзі домбыра,баян, аккордеон аспаптарымен ән салатын еді. Айжанға концерттерде аспапты ансамбль,оркестр,фонограмма да керек емес барлық әнді өзі сүйемелдейді. Репертуарындағы әндердің саны рекордты 160 қазақ,орыс,өзбекше әндер бар.Әндердің көбісі классикалық және ескі әндермен бірге қазіргі заман композиторларының әндері. Ең алғашқы жеңісі Тамды ауданын да 1998 жылы өткен Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің байқауында бас жүлдені жеңіп алуынан басталды. Мақтанышпен айта кету керек ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ дарынды әнші құрдастарының ортасында бірінші болып Үшқұдық аудандық мәдени орталығының ұйымдастыруымен екі күн жеке концерті аншлаг болып өтті. Қазақта:” Ұлың ержетсе өзгеге іргең кең, Қызың бой жетсе құлпырған күн мен тең, — дейді қазағымыз.Біздің Айжан — күніміз тарихи Отанына көшіп келіп Қостанай облысындағы Алдамжар атындағы Техникалық Университетті бітіріп әншілік карьерасын жалғастырып өнер саласында  сахнаның төрінде жүр. 2006 жылы Қостанай қаласында өткен облыстық Халық әндер байқауында бас жүлдеге ие болды.Кезекті қатынасқан Арқалықтағы “Әгугай домбыра” ән байқауында жүлделі екінші орын алды. Алматы қаласында өткен “Әлқожаның әндері” Республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алған болса сол 2018 жылы жерлесім- досым Астана қаласында өткен “ Талант Шоу” байқауында  үшінші орынды иеледі. ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ әншіміздің қатынасқан келесі ән байқауы Астанада өткен Фариза Оңғарсынованың  мерейтойына арналып бұл жерде бірінші орында болды.

     Өте қабілетті,дарынды,ерекше дауысы бар Айжан Мусаевна Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов,Әбдіжаппар Әлқожа,Нұрболат Абдуллин,Аян Сейтов, Наркенже Серікбаевалармен өткен үлкен концертте ән шырқап әсем дауысымен концерттік залға жиналғандарды риза етті.

     Роза  Әлқожамен Семей, Өскемен, Риддер, Арқалық, Қостанай, Жезқазған, Сатбаев қалаларында үлкен, ұзақ гастрольдық турда өнер көрсетті. Бұл да дарынды жерлес әнші жастарымыздың арасында Айжанның рекордтық гастрольдық  туры болады. ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ өнерлілер элитасының қатарына кіретін жерлесіміз  әншілігін ауылда бастап Қазақстанда мақтануға тұрарлық жалғастырып келе жатқанына біз өте қуаныштымыз және біз әрдайым қолдаймыз. Сарыарқаның жерін де да концерттерде Айжанның ән айтып шығуын публика күтіп отырады. Осы уақытқа дейін жақсы әндерімен өз көрермендерін жинап алып үлгерді. Үздік әншінің шығармашылығымен,жеңістерін әнсүйер қауым толық хабардар болсын деп  qyzylqum.kz Сайтына жазып отырмыз.

     ҚЫЗЫЛҚҰМ өнерінде Шахаева Айжанның орны бөлек,біз дарынды әнші қыздарымызбен мақтанамыз!  Ой пікірлеріңізбен бөлісіп,сауалдарыңыз болса жазыңыздар. Дарынды әнші Айжанға келешекте шығармашылық,қаржылық табыстар тілейміз.

Медеу Шилманов
Медеу Шилманов
Автор

ҰЛТЖАНДЫ ӘНШІ ЖЕРЛЕСІМІЗ

Қыдыр Өтебай ұлы     ҚЫЗЫЛҚҰМ музыка индустриясының өнер иелерінің,элитасының қатарынан ерекше орын алатын үлкен шығармашылығымен жоғарыдан берілген дарынын туған жерінің жеңісімен жетістіктеріне үлкен үлес қосып келе жатқан жерлестеріміздің бірі- бірегейі Қыдыр Өтебайұлы туралы qyzylqum.kz сайтындағы парақшада, бүгінгі қонағымызды таныстыруды жөн көрдік.
     Қыдыр Өтебайұлы ҚЫЗЫЛҚҰМ өңірінде елім,халқым деп жүрген ұлтжанды әнші азамат. Өз туған жерінің өнерін көтеріп,барлық мәдени шараларды ұйымдастырып,белсенді қатынасып,өз алтын уақытын туған жерінің өнерін,мәдениетін дамытуға,насихаттауға арнап жүрген жерлесіміз. Ағамыздың ең құнды,маңызды жұмыстарының бірі тек ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ емес, бүкіл қазақ халқының ұмытылып бара жатқан халықтың рухани мұрасын: әртүрлі ән- жырды,термелерді,тарихи әңгімелерді бір сөзбен айтқанда халқымыздың “ кешегі” айтылған сөздерін, жырланған жырларын кітап етіп,” МҰРАГЕР ЖЫРЫМ- МИРАСЫМ” бір CD DISKіге жинап шығарып тастауы.
     Өзінің қазақ,орыс,өзбек тілінде 170 астам репертуарындағы әндердің басқалардан ерекшелігі еш жерде не пластинкада,не магнитофонда жазылмаған тек ауыз екі кешегі термеші- жыршылардан есіткенін айны қатесіз шығармашылықтарын бізге жеткізуінде. 

     Бұл өнерді жинақтап келешекке тапсыру жұмыстарды Қыдыр Өтебайұлы өзіне міндет,парыз деп есептейді. Өнер иесі бесінші сыныптан бастап сахнаға шыққан. Жастық шағында әнге,музыкаға қызығушылығын оятып,аспапта ойнауға мотивация берген ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ танымал ақын Бердалы Оразалиев болатын,- деп еске алады. Ол кісі менің сырнайға қызығушылығымды түсініп бес- алты жасымда өзінің жеке сырнайын маған тарту етті деп айтады. Сол ақын Бердалы Оразалиевтің құтты қара шаңырағынан басталған қызығушылық келешекте сырнайдан басқа домбыра,гитара,мандолина аспаптарын игеріп кетуіме себеп болғанын айтады.

     Сол дарынының арқасында жас әнші әртүрлі ән байқауларының жеңімпазы болып жүрген.Өнерге қызыққан ол музыканың теориясынан сауат ашып,нота үйрену мақсатында Қызылорда мемлекеттік институтына түспекші болып барып жоспары орындалмай,Қызылорданың механиктер техникумына түсіп механик кәсібінде оқып жүріп Сыр елінің өнерін зерттеп,өзіне керекті,құнды дүниені оқып,үйреніп туған жеріне жеткізуге де үлкен жұмыстар атқарады. Дегенмен “ Сыр елі- жыр елі”,- демекші осы жүрген уақытындатек жүрмей мәдениет,өнер,ән- жыр саласында көп тәжірибе жинақтап туған жеріне оралып ”Ақтау” ән-би ансамбліне әнші болып жұмысқа орналасып,ансамблдің құрамында Өзбекстан Республикасының ”Замандас” телебағдарламасының тікелей эфирінде өнер көрсетті.
     Қыдыр Өтебайұлы тарихи Отанына көшіп келіп туған жерінің ақындарымен,терме- жырларымен Қостанай облысының телевидениесінен қазақстандықтарды Балқы Базардың термелерімен, ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ақиық ақыны Өмірзақ Қожамұратовтың өзі қатты құрметтейтін жерлес ақынының поэзиясымен таныстырып келеді. Қазір барлық концерт,той,ән байқауларында осы ән- жырларды насихаттап келеді.
     Жасы жетпістен асқан дарын иесі ақсақал ән,жыр- термелер айтудан басқа ҚЫЗЫЛҚҰМҒА аты мәшһур болған тұлғалардың өмірлері туралы” Би болып өткен бабалар”,” Өмірім өнеріммен өрнектелген” атты екі кітаптың авторы. Қыдыр Өтебайұлының жинаған құнды дүниелерін оқыған жастар да кәрілер да жақсы әсер алмай қоймайды. Сол себептен да біз qizilqum.kz Сайтының парағынан 50 жылдан астам туған жеріне қызмет етіп,өнерін насихаттап,үлкен үлес қосып келе жатқан ақсақалымызға алғыс айта келе әлі де жастарымызға айтарыңыз,жазарыңыз көп болсын дейміз. Сіздердің да,құрметті оқырман,ұлтжанды Қыдыр Өтебайұлы туралы айтарыңыз,жазарыңыз болса біз бен хабарласыңыз. Ой- пікірлеріңізді күтеміз.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ОСЫНАУ ХАЛҚЫМ БОЛМАСА, ҚАДІРІМДІ КІМ БІЛГЕН?

Бағила Мұратова

     Бұл мақаланың тақырыбы Қазақтың халық әнінен алынды. Себебі бұл  мақалада әнші туралы жазбақшымын.Кім десеңіз  Бағила Мұратова туралы мақаланын тақырыбын бір ерекше етіп атауды көздеп көп ойландым. Бағила Жұмақанқызы туралы көптеген мақала,өлеңдер,әндер жазылып жатыр.Олардың барлығы тек әншілігі,дарыны,жеке өмірі туралы жазылып жүр. Ал бүгінгі кезекті Бағила туралы деректер Тауелібайдың жезтаңдай әншісінің өз халқына еткен еңбегінің ширек ғасыр толуына арналады.

     Бағила Мұратова туралы,оның өнердегі жолы,халқына 25 жылдық қызметін Сіздерге жеткізу мен үшін қиын емес.Себебі сонау әлі Бағила Мұратованың жұлдызы жана бастап,Тамды ауданының жезтаңдай әншілері ортасынан ең жоғары ноталарды қиналмай алып,топты жарып шыға бастағаннан білемін.Сол себептен де мен Бағила Мұратова туралы жазған да айтарым баршылық,әрі қандай сұрақ берсем де жауап аламын.

     Осындай таныстығым болуына себепті мен Бағиланың Үшқұдықтық жерлестеріне келіп,өзінің өнерге араласқанына 25 жыл толуына байланысты творчестволық есеп беру концерттерін ұйымдастыру сәттерін де болған пікірлерімен,сауалға жауаптарын Сіздерге ұсынамын. Әлбетте, түсінген адамға өнер жолы ең қиын,ең күрделі мамандықтардың бірі.

     Себебі бұл творчествоның адамдары барлық кезде халықтың алдында,халықтың ауызында.Оларға өз бағасын әр күні беріп отыр. Дегенмен өнерді бағалауда кемшілікте жоқ емес. Қазір болса неге бүгін Бағила Мұратова туралы үнқағаз бетіне жазылып жатырғаны туралы бірер ауыз сөз.

     Кейінге кезде Тауелібай жастары әдебиет,өнер саласында халқына қызмет еткен азаматтарына жақсы қызмет көрсетуде. Бұған Үшқұдық, Тамды, Кенимех аудандарында,облыстың Навоий қаласында марқұм,ақиық ақынымыз, Өмірзақ Қожамұратовтың 60 жылдық мерейтойын өткерудегі еңбек еткендігі дәлел бола алады. Бұл істі жоғары бағалауға болады. Ал Кенимехтық жерлестеріміздің әдебиет және өнер саласындағы жастардың жетістіктерін,мерейтойларын көзінің тірісінде атап өтіп,оларға моральдық,рухани демеу беріп отырғандығы ортамызда жақсылардың көптігін білдірмей  ме?

— Әлбетте, Өмірзақ Қожамұратовты Тауелібай елінің ақындарының ақыны десек,Бағиланы осы елдің әншілерінің әншісі деуге әбден болады.

     Осы сәтте ауданымыздың танымал ақыны Руза Алдашеваның кеше ғана Бағилаға арналған өлеңі есіме түсіп, Бағиланың барлық қиыншылыққа шыдап,қазақ халқының мол қазынасы- өлеңдерін ұрпақтан- ұрпаққа таратқанының өзі үлкен қызмет. Сол себептен де ту сонау 1972 жылдан Тамды ауданының  “ Ақтау” ансамблімен өнері құрдас болған Бағила бүгінді күні өзіне мықты шәкірт дайындаған.Республикалық телевидениеден бірнеше рет” Замандас” 1978,1981,1991 жылдары,1979 жылы” Біз Бухараданбыз”,1984 жылы” Мархабо талантлар” конкурстарының жеңімпазы ретінде өнерін халыққа көрсетіп жүрген Бағиланы мақтаныш етеміз.

     Бағила Жұмақанқызы біз үшін тек ән айтумен таныс емес. Бағила  Тамды ауданында өз еңбек жолын Мәдениет үйінде біраз жылдар бойы әнші болып бастап,кейін Бұхара қаласының мәдениет ағарту техникумын 1979 жылы бітіріп,және 1985 жылы Ташкент мемлекеттік ағарту институтын бітіріп Тамдыда  әдіскер,көшпелі клуб меңгерушісі,көркемдік жетекші,мәдениет үйі директоры, Үшқұдық ауданы мәдениет бөлімі меңгерушісі,кейін облыстық мәдениет басқармасы ғылыми- әдіскер бөлім меңгерушісі,ал осы күнге дейін Кенимех ауданы мәдениет үйі директоры қызметін істеп жүріп Тауелібай еліне танымал болған.

     Бағиланы Қарақалпақстанның барлық қазақ ауылдары біледі. Бағиланың әніне,өнеріне сан рет Түркменстанның “Газошақ”, ”Қызылрабат” аудандарында қол соққан. Ауданымыздың түкпір- түкпірлеріндегі майталман малшылар үйінде де ән шырқаған Бағила. Бүгін міне осыған 25 жыл толыпты.Осы дәуірде Бағила орыстың атақты әншісі Людмила Зыкина, Жанна Бичевская,молдаванның София Ротару сияқты өз халқының әндерін насихаттау,ен жайдырудағы еткен еңбегі мол.

     Қазақтың халық әндерін, Ш. Қалдаяқовтың, Н. Тілендиевтің,І. Жақановтың, М. Ілясовтың әндерін осы кезге дейін ен жайдырып келеді. Бағиланың  осы және басқада  аты аталмаған сазгерлердің әндерін әсем,шебер орындағандарын кім есітпеді? Есітпегендерге Бағила өзі келіп осы ауданға ән шырқап бермек.

     Әлбетте,он бес жасынан айтқан 25 жылдық творчествосын бір концертте тыңдап көру мүмкін емес. Сол себептен де,әрбір әннің орындалуының өз тарихы бар. Мысалы:1972 жылы республикалық телевидениенің ұйымдастыруымен

 “Чашма” сайысында шырқаған ”Қуаныш вальсі” әнін әлбетте ешкім ұмыта алмайды. Міне осындай бақытты сәттерден түзілген концерттік бағдарламамен бізді қуантпақшы.

— Менің, Бағила Жұмақанқызы айтыңызшы мәдениет саласындағы еңбегіңіздің ең жемісті кезеңдері қайсы жылдар- деп есептейсіз?- деген сауалыма былай деп жауап берді:

— Менің творчествомның жемісті кезеңдері — менің әншілік өмірімнің тұтас барлығы десем болады.Әлі де алдымда үлкен — үлкен жоспарлар бар,өзім ойластырған, ал бұл жоспарлар творчествомның және бір жоғарылау кезеңі болады деп есептеймін.

     Иә, менде біраз ойланып көрдім, Бағила қатынасқан сайыстардан Бағиладан озған ешкім болмаған. Мектеп қабырғасынан бастап осы күнге дейін Бағиланың дауысы асқақтап келеді.Содан соң  мен және бір- екі сауал беруді жөн көрдім. Бағиладан алға қойған мақсаттарыңыз,жоспарларыңыз,бағдарламаларыңыз қандай? — деп сұрадым.

— Мақсатым әлі де болса жаңа әндермен репертуарымды байытып, қадірімді білетін халқыма қызмет ету.Лажы болса Қарақалпақстанға,Қазақстан Республикаларына концерттік бағдарламамен шығу. Бағиланың жоспарлары жақсы,бірақ жақсы демеуші апа- ағалар болса Бағиланың арманы орындалар еді. Демеуші іні- ағалар ойланып көріңіздер.Әттең Тауелібай елі өнерге бай ел ғой. Тек демеушінің жоқтары атом,химияөнеркәсібі,мұнай жәнтығы,қолдың қысқалығы көп шаруалардың орындалуына өз әсерін тигізіп тұр. Ол анық нәрсе,деседе Бағила Жұмақанқызына мен жезтаңдай әншіміз ширек ғасыр өнерге араласып жүргесін және де сауалдарды өзімде сақтап қала алмадым. Сөйтіп Тауелібай елінің өнерін дамытудағы жеке пікірін сұрадым. Біздің Тауелібай өнерпазға толы.

     Сол үшін осы үш ауданның ортасында көбірек бір- бірімен,жиі- жиі  кездесулер,сайыстар, өткеріп тұру керек және сол сияқты көптеген шараларды ерінбестен атқарып тұрған жөн.Сонда біз бірқанша жұмыс атқарған болар едік. Міне қараңыз мен 25 жылдық творчестволық концертімдімді ең бірінші болып өз туған жерімде Тамды ауданында өткергенімді,Кенимехттың азаматтары есітіп қазақ мәдени орталығының төрағасы Құлмахан Қалиев ағамыз менің Кенимехта концерт өткеруімді  ұйымдастырды. Осы концертте Кенимехтың көрермендері естуін- естігенмен,көруге ынтық болып жүрген ақын,сазгер, өнер десе ішкен асын жерге қоятын ұстаздарым Календар Бисенбаев пен Жалғас Жүсіповтың және теңдесім Нафиса Балабаеваның  өнерлеріне де риза болды.

     Міне осындай кездесулердің пайдасы көп. Бұған менің сенімім мол. Ал Үшқұдық ауданындағы  өтетін концертімнің де өнердің дамуына ықпал тигізері сөзсіз. Себебі біз Тамды,Кенимех аудандарының өнер тарландарымен жүздесеміз. Міне осы кездесу біз үшін ең  бақытты сәт және де құнды кездесу болмақ. Ал оптимист Бағила Мұратова Тауелібайдың жезтаңдай әншісін біз барлығымыз қоштап қуаттай берейік. Ортамызда әрқашанда ән шырқап жүре берсін. Бағила Мұратованың өнер саласында 25 жыл қызмет етіп творчестволық есеп беру концертін есте қаларлықтай  етіп өткеруге барлық азаматтарды шақырамын.

     Өзім ақын болмаған соң Бағилаға төрт ауыз өлең шығара алмадым.Бірақ мақаламның басына өзгешерек  болуына ойлана- ойлана Бағиланың шырқаған әндерінің ішінен өзіме ұнаған екі қатарын алдым.

Бағиламен сұхбатта болған,оны жазып алған Адилбай Шилманов.

“Достық- Дружба” Үшқұдық аудандық газеті. Номері 23(457).14-19 шілде 1997 жыл.

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор

ӨНЕРДІҢ СӨНБЕС СӘУЛЕСІ

Желдібаева Сәуле

     Арман. Адамды түрлі қиялдарға жетелейтін ұшқыр сезім. Оның орындалуына көзің жетіп жетпесе де армандай бересің. Иә, бала қиялы, бала арманы орындалған тұлғалар көп болған. Солардың бірі мен Сіздерге таныстырғалы отырған Сәуле Желдібаева әпкеміз.

     Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданында сегіз баланың жетіншісі болып дүниеге келген. Әкесі ертерек марқұм болып, анасы жалғыз өзі сегіз баланың барлық ауыртпалығын ерте мойнына алып қалады. Төрт ағасы мен, екі әпкесінің ортасында еркешора болып, бетінен қақпай бой жеткен Сәуле әпкеміз жастайынан анасының әдемі дауысты әндерін естіп өседі. Анасы да тойдың, отырыстардың сәнін келтіретін жезтаңдай әнші әрі арасында суырып салатыны болыпты. Ауылдағы мектепте түрлі байқауларға қатысып, «Саънат ғунчалары» байқауынан бірнеше рет лауреат атанып, аптасына бір рет теледидардан берілетін «Замандас» бағдарламасын асыға күтетін Сәуле қыз тапжылмай отырып ән тыңдап, жаңа әндер жаттайтын болған. Қазақстаннан концерт қойып келе қалса, ең алдыңғы қатарда Сәуле ханшайым отыратын болған және әртістерге қосылып бар даусымен қосыла шырқаған. Тек шырқап қана емес, «Міне, нағыз қазақтар қалай ән салады, қараңдар, қазақтар қандай әнші, мен де осындай үлкен сахнада тұрып ән салатын әртіс болам» деп айқайлап тұрып айтады екен. Қасындағы қыздар мазақтап «Иә, біздің Сәуле барады Қазақстанға, осындай сахнада тұрып ән айтады» деп күлгендерін өзі де күліп еске алады.

     Онжылдықты өте жақсы аяқтап, екі жыл қатарынан анасының айтуымен Ташкенттегі медициналық институтқа құжат тапсырып, емтихандарға кіреді. Бірақ, не өкінішке орай, не бағына қарай екі ретте де өте алмайды. Тауы шағылып троллейбуспен пәтеріне қайтып келе жатқанда Консерватория деген жазуды көріп, аялдамадан түседі де, дайындық курсына құжат қабылдап жатқаны туралы біледі және ол соңғы күн екен. Ертеңіне сағат 10-да емтихан тапсыруға келетін болып кетеді.

     Естен кетпейтін өте керемет естелікті айтып берген Сәуле әпкенің талантына тәнті болмау мүмкін емес. Консерваторияға емтихан тапсыруға барғанда бірнеше вокалистер келіп, қандай ария айтасың, қандай романс айтасың деп сұрай берген ғой. Сонда ашуланған әпкеміз: «Мен ария да, романс та айтпаймын, «Сарыжайлау» мен «Құстар әнін» айтамын деп қоймаймын дейді. Олар бұл қандай әндер деп сұрайды, мен Нұрғиса Тілендиев ағамыздың әні деп қоям. Олар маған қарап аң таң, мен оларға қарап аң таң. Солай кезек күтіп тұрғанда бір өзі бір шетте тұрған өзбек жігітіне көзі түседі. Оның жанына келіп бұл да сұрайды ғой, сен қандай ария айтасың, қандай романс айтасың деп баяғы. Ол да орысшаға шорқақ байқұс екен, «мақом пою»  депті. Аты да есімнен кетпейді, Исрайил деген. Сонау Андижаннан келіпті. Екеуміздің сөзіміз жарасып қалды да, кезегімізді күтіп отырдық.  Содан ең соңында екеуміз қалдық, бір-бірімізге сен кір, сен кір деп тұрмыз, содан мен кірдім. Нота бар ма деп сұрады орысшалап отырған ұстаздар. Жоқ дедім. Кішкентай зал, роял тұр. Мен состиып тұрып қалдым, әнді айта алмай жағым қарысып қалды, өйткені сүйемелдеушім жоқ, содан не істерімді білмей тұрғанда ұстазым Хашимовтың «Ал, қозоқ қизи, бир ашула айтгин» дегені қамшы болып, бірінші «Сарыжайлауды» шырқай жөнелдім. Жартысына келгенде олар тоқтатып тастады. Ал мен мыналарға ұнамадым деп тұрғанда, жәй орындалатын ән айт деді.  «Құстар әнін» орындадым. Оның да жартысына келгенде тоқтатып тастады. Мына кісілерге тіпті ұнамадым деп ашуланып тұрғанда, Исрайил де шықты. Не болды деген сұрағына қолымды бір сілтеп жауап бердім. Ол да мені де қабылдамады деп басы салбырап тұрды. Содан екеуміз ертең құжаттарды алуға кешке қарай келейік, мына өткендер екеумізді көрмесін, бәрі келіп кеткен соң келейік, сен мені Пушкин метросының алдында күт деп кеттім. Ертеңіне метродан менің шыққанымды аңдып шілденің шіліңгірінде ағаштың көлеңкесінде тұрған жігіт, арсалаңдап жүгіріп келе жатыр. Исрайил мені көре сала, ыржалақтап күле береді. Не болды деп таңдандым. Сөйлей алмайды, күле береді. Тез-тез жүріңіз деп мені жетелеп, консерваторияның ішіндегі хабарландыру тақтасына әкелді. Оқысам, төрт адамның ғана тізімі бар, оның екеуі екеуміздің аты-жөніміз. Сәуле апай Саадат Кабулова және Назым Хашимов, Юрий Борисов деген ұстаздардың сынағынан таза табиғи дауыстарының құжіретімен сүрінбей өткенін осылайша баяндады. Себебі, баяғы қолдарында нотасы бар, сүйемелдеушісі барлардың барлығының дауыстарын ұстаздары илеп, өздерінің қалауына ыңғайлап тастаған. Жүзікке қойылатын тасты жан жағын қырып, жонып, қоятыны секілді оларды да өте көп жағынан өзгеріске ұшыратқан. Ал жоғарыда аты аталған профессорлар біздің таза, тұнық, алмаз дауысымызды біліп алған. Ауылдан келген таза дауыстар, бүлінбеген дауыстары бар Исрайил екеуміз осылайша өтіп кеткенбіз деп сөзін аяқтады Сәуле апай.  

     1987 жылдан бастап Ташкенттегі Мұхтар Ашрафий атындағы консерваторияда оқу бастаған Сәуле апайымыз 1990 жылға дейін сол жерден дәріс алып, сол жылы Алматыға Құрманғазы атындағы консерваторияға ауысады. Оның себебі орталық концерт залына Құрманғазы атындағы оркестр келіп, сонда Төлепберген Әбдірашев деген дирижермен танысып, өзінің дауысын тыңдатып, сол кісінің бағыттауымен Алматыға кетуге бел шешеді. Дауысың мето сафрано екен, сирек кездесетін дауыс, оны дамыту, өсіру қажет деп, профессор Бекен Бекенұлы Жылысбаевтың телефон нөмірін береді. Сол кісіге қоңырау соғып, ол кісі де меселін қайтармай шақырып, дауысын тыңдап көрген соң оқуға қабылдайтын болып шешеді. Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев секілді қазақтың қас өнерпаздарының шәкірті болу бақытына еріседі. Сәуле Ғарифоллаевна Құрманғалиева ұстазынан алған тәлімін де мақтанышпен еске алды.

     Оқуды 1995 жылы бітіріп, Жамбыл облыстық филармониясында жұмыс істей бастаған. Үш дүркін халықаралық байқаудың лауреаты, үш дүркін республикалық байқаудың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 2001 жылы Астанаға келіп, Астана қалалық филармониясында жұмыс істеген, қазіргі таңда «Ерке сылқым» атындағы продюсерлік орталығының басшысы. Өзбекстанға барғанда Қайырымдылық концерттерін өткізеді, ондағы мақсат, өзі секілді үлкен сахнаны армандап жүрген жас таланттардың жолын ашып, мүмкіндік беріп, армандарының орындалуына мұрындық болу.

    Тұңғыш қызы Меруерт атасының жолын қуған домбырашы, Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Қазақ ұлттық өнер университетінің домбыра сыныбының ұстазы болып еңбек етуде. Ұлдары Шалқар Желдібай алты жасынан бастап, Айман Мұсаходжаева апасының жолын қуып скрипка мамандығынан дәріс алып, мектебін, колледжін, бакалавр, магистратурасын бітіріп, Астана операда скрипкашы болып жұмыс істейді. Кіші ұлдары Нұрғиса да домбыра сыныбын оқып жатыр.

     Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры, «Ерке сылқым» күйімен талай оркестрдің де, жеке күйшінің де бағын жандырған, күллі қазаққа күй құдіретін жеткізген күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев атамыздың сүйікті келіні Сәуле Желдібаеваның бүгінгі жасап жатқан өнер, ұлттық құндылық саласындағы еңбектері де айрықша. Өмірлік жолдасы Талғат Желдібаев та Ахмет Жұбанов атындағы «Дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық мектепте» оқыған. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның дирижер хорогика факультетін бітірген. 2001 жылдан бастап Астана қаласының филармониясында оренжировщик болып істеген. Бүгінгі таңда Өнер университетінің ұстазы.

         Осындай баянды бақытқа жету үшін кезінде анасына өтірік айтуға мәжбүр болған өнердің сөнбес сәулесінен қуат та, шуақ та алған, өзінен кейінгі ұрпақтарға өшпес өнеге беріп, тәлімін толастаттырмай келе жатқан әнші апайымыздың ән ғұмырына тек жақсылық пен үзілмейтін жетістіктер тілеймін. Тамаша, таза табиғи дауысыңызбен талайдың таңдайын қақтыра беріңіз және шәкірттерге сүйікті ұстаз-ана, бағдаршамдай бағыттаушы болып жүре бергейсіз.

Ақсауле Шамұратова
Ақсәуле Мәмбетқызы
Автор

ЕЛГЕ КЕҢ ТАНЫЛҒАН ӘНШІ- АҚЫЛБЕК

Ақылбек Ақниязов

ҚЫЗЫЛҚҰМДА жасайтын халықтың музыка индустриясының дамуы басқа салалардан барынша қалмай дамып келе жатқанын сол кездің баспасөз беттерінде жариялап,өз кезегінде музыкалық ұжымдар өнер сүйер қауымға әртүрлі жобалар ұсынып келді.

  Тамды, Үшқұдық, Кенимех аудандарында әртүрлі музыкалық ансамбльдер құрылып мәдениет,өнер саласының дамуына үлкен үлес қосты.Өзбекстанда туып- өскен дарынды жастар бас қосып өздерінің ана тілінде әндер шырқады. Жалпы репертуарлары қазақтың халық әндерімен Қазақстандық композиторларының әндерін жаттап айтып жүрді. Өнер ұжымдары әндерді жөндеп,өңдеп жаңа нұсқаларда,каверлерді гастрольдерде публикаға ұсынып отырды. Сонымен қатар әншілермен ансамбльдер облыстық,республикалық ән байқауларында мүмкіндігінше қазақша әндерден басқа туысқан Орта Азия халықтары тілдерінен да әндер орындап әділқазыларды таңқалдырып,ән байқауының жеңімпаздары болып келген.

  Жылдар өтіп дарынды жастар да көбейіп,сахнадан өз орнын тапқан әншілерін бүгінді күні қанша жылдар өтседе Өзбекстан Қазақстан Республикаларының түкпір- түкпірінде жасап жатқан әнсүйер қауым оларды іздейді, қайда,не істеп жүргенін білгісі келеді,әнін тыңдағысы келетінін qyzylqum.kz сайтына жазып жатыр. Әлбетте,бізде олармен кездестіру,әнін тыңдату мүмкіншілігі болған соң біз тілек- талабын орындау мақсатында азды- кем

 “ Мереке” ансамблінің экс- әншісі Ақниязов Ақылбек Жақсымұратұлы туралы бірінші рет ақпарат дайындап Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

  Ақылбек Жақсымұрат ұлы Өзбекстан Республикасы, Навоий облысы, Құлқұдық елді мекенінде дүниеге келген. Музыкаға жастайынан құмар болып өсіп,әртүрлі аспаптарда өзі сүйемелдеп мереке,той,отырыспаларда ән салып жүрген. Ең жақсы көретін аспабы- баян болған. Әншілік дебюті өз оқып жүрген мектептің сахнасынан басталды.Әкесі Ақнияз ұлы Жақсымұрат Ақылбектің  жастайынан дарынын одан әрі дамыту мақсатында сангвинник темпераментті кішкентай “әртіске” жеке баян аспабын сатып алып беріп,мотивация беріп,қолдау көрсетіп отырды.Баянда өз репертуарын толықтырып,мектептегі барлық мерекелерде ән айтып,” Шалқар” ауылына танымал болған кезде енді құрылып жатқан ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ МЕГА ЖОБАСЫ

 “ Мереке” ансамблінің көркемдік жетекшісі Айтбай Тортаевтан шақыртуды қуанышпен қарсы алды. Себебі ән ұжымында өзінің құрдастары Аманкелді Мергенбаев, Бақытжан Әлішов, Мұзараф Әнуәрбеков,өзінен үлкен тәжірибелі Еламан Тілегеновтер өнер көрсететін еді.Мен жас әншімен Үшқұдық қаласындағы Өмірзақ Қожамұратов атындағы қазақ мектебінің гастрольдік сапармен концерт қоюға акты залында репетиция кезінде таныстым.  Ол өзінің дарынды әнші екенін көрсетіп,қазақтың халық және композиторларының әндерін орындады. Барлық орындаған әндердің мән- мағынасына өзі жақсы түсініп,публикаға әдемі орындауда жеткізуге тырысты. Ақылбек Жақсымұрат ұлы жылдар өтіп, ансамбльдің әншісі ретінде үлкен жетістіктерге жетіп ҚЫЗЫЛҚҰМДА танымал,публика концерттерде шығуын күтетін,жақсы көретін әншіге айналды. ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ МЕГА ЖОБАСЫНЫҢ жүзеге асырушысы келе- келе  әнсүйер қауымға және бір қырынан таныла бастады. Ақылбектің әр жылдары жазылған жастар махаббатының нәзік сырын шерткен сөзімен әнін өзі жазған әсем әндерін жастар әлі күнге шейін шырқап жүр. Өзі жазған авторлық музыкаларын  өзінің орындауында“ Сен гүлім”,”Шаттық жыры”,

” Сүймеймін сені”,”Ғашық жыры”,” Туған жер” Тамды,Үшқұдық, Зарафшан,Зафарабад,Навоийы қалаларының аудиториясы жақсы қабылдаған. ҚЫЗЫЛҚҰМНАН тарихи Отанына көшіп келіп,жеке әншілік карьерасын бастаған, кәсіби мәдениет қызметкері болу үшін Көкшетау мемлекеттік  Ақансері атындағы музыкалық колледждің” Баян аспабы және ұлттық аспаптық ансамбль жетекшісі” факультетін бітірген. Бір қыз,екі ұлдың әкесі қазіргі кезде Қостанай облысы,Рудный қаласы мемлекеттік  жалпы білім беру Ахмет Байтұрсынов мектебінде музыка жетекшісі. Мектеп алды даярлық  сыныбының музыка пәні мүғалімі. Ақылбек Ақниязов жерлестеріңіздің әндерін ХИТ СИНГЛ” ҚЫЗЫЛҚҰМ music” ХИТ ПАРАДТА, qyzylqym.kz сайтында тыңдай аласыздар.

 ҚЫЗЫЛҚҰМНАН шыққан дарынды,адамгершілігі мол,ағайынға,досқа адал,бауырмал,жан- жағына күлкі сыйлап- жан жағын қуанта алатын, әрдайым позитивті,әзілкеш,тәтті әзіл- қалжың,юмор сезімімен интеллектуалдық дарындылығы жастайынан оянған,қолынан барлық мәдени шараларды шебер ұйымдастыра білетін,өткергенде креативті идеялары мол фронтмен,өз ерекшелігі бар харизматикалық оратор-асаба, концерт жүргізушсі,қайсы бір ұжымда қызмет етпесін сыйлы,мәдениетті,ерекше өнер қонған, еңбек еткен барлық ұжымда жақсы қарсы алып,ұнатып,жақсы көретін,жақсы атаққа ие,өнерлі жастар ортасында рейтінгісі биік,шығармашылығы мазмұнды,әдемі дауысты,өнер жолындағы жастардың кәсіби өсуіне әрдайым мотивация беріп,шығармашылық жұмыстарына  айтарлықтай үлес қосып,оларға кәсіби өнер маманы,әнші,ақын,сазгер ретінде үлгі- өнеге болуға лайық жерлесімізбен мақтанып жүрейік.Ақылбек Жақсымұрат ұлы мәдениет,өнердің дамуы неге керек?,- деген сауалға:” Біреулер ән айтуды пайда табу деп ойлайды. Жоқ, олай емес,мәдениет,өнер,шығармашылық келешекті адамгершілікпен имандылыққа тәрбиелеу үшін  дәлелденген әдіс екенін түсінуіміз керек”.

 ҚЫЗЫЛҚҰМДЫҚ жерлестер,Сіздердің өтінішіңізбен Ақниязов Ақылбек Жақсымұрат ұлы туралы білгісі келген өнер сүйер қауымға- фанаттарға, әншіміздің универсалдық дарынымен өнерін сезіну,сүйсіну,ән айту шеберлігін түсініп, білу үшін өмірбаянымен әндерін жариялап отырмыз.Француздың композиторы, импрессионизм музыкасының жетекші өкілі Клод Дебюсси:” Сөз таусылғанда музыка басталады”,- деген екен.  Ақылбек Ақниязовтың жазған,орындаған авторлық әндерін тыңдаңыздар!!!

Шилманов Адилбай
Адилбай Шилманов
Автор